Түркістан облысында еңбек адамының абыройын көтеру мен нақты кәсіби маман даярлауға бағытталған шаралар жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Президент жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» қағаздағы ұран емес, өңірдің еңбек нарығындағы нақты өзгерістердің бастауы болды. Түркістанда осы бағыттағы жұмыс көзге көрінерлік нәтиже беріп, мыңдаған жас өз болашағын техникалық және өндірістік мамандықтармен байланыстыра бастады, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиында атқарылған істер мен алдағы міндеттер кеңінен талқыланды. Әкім әр аудан мен қала басшылығына жұмысты тек есеп үшін емес, нақты нәтиже үшін ұйымдастыруды тапсырды. Оның айтуынша, жұмысшы мамандығы – бүгінгі экономиканың тірегі, ел дамуының басты күші.
– Зауыттар мен фабрикалар салынып жатыр, бірақ бізге нағыз маман керек. Шетелден жұмысшы шақыру – уақытша шара, ал болашағымыз өз жастарымыздың қолында. Сондықтан оларды өндіріс орындарына апарып, нақты еңбектің қадірін көрсету қажет. Жұмысшы болу – ауыр емес, абыройлы іс. Ел экономикасын көтеріп тұрған сол мамандар екенін ұмытпауымыз керек, – деді Нұралхан Көшеров.

Түркістан облыстық білім басқармасы арнайы 64 бағыт пен 138 іс-шарадан тұратын кешенді жоспарды бекіткен. Оның ішінде форумдар, көрмелер, дуалды білім беру жүйесін дамыту, кәсіптік бағдар беру, заманауи колледждердің инфрақұрылымын күшейту сияқты нақты қадамдар бар.
Қазіргі таңда өңірдегі 50 колледжде 47 мыңнан астам студент 84 мамандық бойынша білім алуда. Биыл бөлінген 15,5 мың гранттың 8 880-і жұмысшы мамандықтарына берілген. Былтыр колледж бітірушілердің 75,7%-ы жұмысқа орналасса, биылғы түлектердің алғашқы екі айдағы көрсеткіші 48%-ға жетті. Бұл – кәсіби білімнің еңбек нарығына нақты әсер ете бастағанының айғағы.
Дуалды оқыту жүйесі де қарқын алып келеді: 36 колледжден 31 мыңнан астам студент өндіріс орындарында тәжірибе жинауда. Бұл – жас маманның дипломмен ғана емес, дайын тәжірибемен шығуына жол ашып отыр. Оқу мен еңбек арасындағы алшақтық азайған сайын жұмыссыздық деңгейі де төмендеуде.
Enbek.kz электронды еңбек биржасы арқылы 2 178 бос жұмыс орны тіркеліп, соның жартысына жуығы жұмысшы мамандықтарына тиесілі. Онлайн оқыту бағдарламасы арқылы 5 300-ден астам адам қайта даярланып, сертификат алып шыққан.

Жыл соңына дейін облыста 130 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашу жоспарланған. Оның ішінде 32 мыңнан астамы нақты өндіріс пен техникалық салаларға бағытталған. Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға – 100 жаңа жұмыс орны» тапсырмасы Түркістан өңірінде 117,8% орындалды. Мұның өзі өңір экономикасының қаншалықты серпін алғанын көрсетеді.
Жастарды еңбекке баулуда “Ашық есік күндері” мен кәсіби экскурсиялар маңызды рөл атқарып отыр. 37 өндіріс орнына 10 мыңға жуық жас барып, зауыттардың жұмысын өз көзімен көрді. Бұл бастама – еңбекке құрметті көзбен қараудың алғашқы қадамы. Колледждерде бизнес-стартап жобалары іске қосылып, жаңа жатақханалар салу, халықаралық аккредитация алу бағытында нақты жұмыстар жүруде.
Жұмысшы мамандықтар жылы – тек бір жылдық бастама емес, болашаққа салынған инвестиция. Түркістанда қалыптасқан тәжірибе басқа өңірлерге үлгі боларлық деңгейге жетті. Әрбір ашылған жаңа жұмыс орны, әрбір дайындалған жас маман елдің тұрақтылығы мен дамуының кепілі. Еңбек адамының еңсесін көтеру қоғамның рухын көтеру деген сөз.