Қазақстанда Сенат жойылып, Парламент бір палаталы жүйеге көшеді. Бүгін осы өзгерісті әзірлейтін жұмыс тобы құрылып, оның жетекшілігіне Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин тағайындалды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Жаңа парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобына Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев пен ішкі саясат және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Арман Қырықбаев орынбасар болып бекітілген.
Ақорда таратқан мәліметке сәйкес, топтың құрамында Сенат пен Мәжіліс депутаттары, саяси партиялар жетекшілері, Президент әкімшілігі мен Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, заңгер-ғалымдар, саясаттанушылар, Ұлттық құрылтай мүшелері және ғылыми институт басшылары бар.
Жұмыс тобы Президент Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» атты биылғы Жолдауында айтылған парламенттік реформаға қатысты нақты ұсыныстар дайындайды.
Реформа аясында қазіргі Сенатты таратып, Парламентті толықтай пропорционалды сайлау жүйесі негізінде бір палаталы ету жоспарланған. Бастама 2027 жылға қарай толық жүзеге аспақ. Сарапшылар мұндай өзгеріс партиялардың ықпалын күшейтіп, елді басқаруда парламенттік көпшіліктің рөлін арттырады деп отыр.