Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев өңірдің дамуына қатысты әлеуметтік желідегі парақшасында маңызды ойларымен бөлісті. Әкімнің айтуынша, Алматы облысы бүгінде жаңа мүмкіндіктерге толы аймаққа айналып келеді, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Соңғы үш жыл ішінде халықтың өмір сапасын арттыру бағытында жүйелі қадамдар жасалды. Әсіресе инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның жаңғыртылуы, жаңа мектептердің салынуы және әлеуметтік нысандардың көбеюі облыстың экономикалық және әлеуметтік әлеуетін арттырды.
Марат Сұлтанғазиевтің сөзінше, ең өзекті мәселелердің бірі болған үш ауысымды мектептер проблемасы кезең-кезеңімен шешіліп келеді.
– Бұрын 52 мектеп үш ауысымда білім берсе, қазір олардың саны 28-ге дейін азайды. Мұны өңірде білім саласына жасалған нақты инвестицияның нәтижесі десек болады. Жаңа мектептер мен балабақшалардың ашылуы, ұстаздардың әлеуметтік жағдайының жақсаруы білім сапасына артуына тікелей әсер етуде, – деді өңір басшысы.
Өңірдің экономикасы да айтарлықтай серпін алған. Инвесторлар тартылып, жаңа өндіріс орындары ашылып жатыр. Бұл жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, халықтың табысын арттыруға мүмкіндік берді.
– Бүгінде Алматы облысы жалпы өңірлік өнім көрсеткіші бойынша республикадағы үздік бес аймақтың қатарына енді. Мұндай жетістік кездейсоқ емес, ол халықпен бірге жүргізілген жүйелі жұмыстың жемісі. Мемлекеттік саясаттың басты өзегі адамдардың әл-ауқаты мен сенімін нығайту. Осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыра беретін боламыз, – деп Марат Сұлтанғазиев ойын ортаға салыпты.
Өз жазбасында өңір басшысы облыстың өркендеуі үшін халықпен ашық байланыс орнатудың маңызына тоқталды. Осы мақсатта ол әлеуметтік желі арқылы тұрғындардың пікірін тыңдап, ұсыныстарын қабылдау үшін өз парақшасын ашқан. Әкім әр пікір мен әр ұсынысты ортақ іске қосылған үлес деп бағалайтынын жазды.
Мұндай тәсіл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының аймақтық деңгейде нақты іске асуының көрінісі. Әлеуметтік желідегі ашық диалог өңір тұрғындарының билікке деген сенімін арттыруға және мәселелерді жедел шешуге жол ашады.
Облыс басшысы өз жазбасында өңірдің дамуы тек әкімдіктің жұмысына ғана емес, әр азаматтың белсенділігі мен жауапкершілігіне де байланысты екенін атап өтті. Халық пен билік арасындағы түсіністік пен бірлік өркендеудің басты кепілі. Сол себепті әр тұрғынның ойы, ұсынысы мен бастамасы маңызды. Марат Сұлтанғазиев Алматы облысын дамудың жаңа деңгейіне шығару үшін қоғаммен бірге еңбек етудің маңызын ерекше атап өтті.