Елімізде әскери қызметшілерге арналған «Әскери баспана» бағдарламасы қайта жанданбақ. Соңғы жылдары баспана мәселесі қорғаныс саласында қызмет етіп жүрген көптеген отбасы үшін шешілмей келе жатқан түйінге айналған еді. ҚР Қорғаныс министрі Даурен Қосанов әскери қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған нақты шешімдердің қажет екенін айтты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қорғаныс министрі Даурен Қосанов «Отбасы банк» төрайымы Ләззат Ибрагимовамен кездесіп, жеңілдетілген ипотеканың бастапқы жарнасын және пайыздық мөлшерлемесін азайту туралы ұсыныс айтты.
Министрдің пікірінше, қазіргі жағдайда әскери қызметшілердің көпшілігі алғашқы жарнаны жинай алмауда, себебі тұрғын үй бағасы жыл сайын шарықтап барады.
Көптеген әскерилер өздері қызмет ететін өңірде дайын пәтер алғысы келеді. Олардың таңдауы ескі үйлерге түседі, өйткені мұнда инфрақұрылым бар, балаларға мектеп те, емхана да жақын. Сондықтан министр екінші нарықтан үй сатып алу мүмкіндігін қайтаруды маңызды деп есептейді.
Даурен Қосанов ипотекалық несиелерді рәсімдеу талаптарын жеңілдету және жалдамалы үйлерге қолжетімділікті арттыру қажеттігін де айтты. Ол жаңа цифрлық жүйелер мен сайттардағы артық рәсімдер кейде азаматтарға қиындық тудыратынын атап өтті.
– Әскерилердің жеңілдетілген ипотекаға нақты қолжетімділігі болуы қажет. Қазір ондай мүмкіндік шектеулі, ал тұрғын үй бағасының өсуі алғашқы жарнаны жинауға кедергі келтіріп отыр, – деді министр.
Ресми мәліметке сүйенсек, соңғы жылдары 15 мыңнан астам әскери отбасы «Әскери баспана» бағдарламасы мен арнайы төлем жүйесі арқылы өз баспанасына қол жеткізген. Енді жаңа кезеңде бұл бағдарлама бұрынғыдан да кеңейіп, әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға нақты мүмкіндік бермек.
Қорғаныс министрлігі мен банк өкілдері кездесуде тұрғын үй мәселесін шешу бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті.
Қазіргі тұрғын үй төлемдерін алушылардың бір бөлігі биыл жаңа пәтерлеріне қоныстанады. Әскерилердің басым бөлігі үйлерін дайын күйінде, яғни екінші нарықтан сатып алады.
«Отбасы банк» төрайымы Ләззат Ибрагимова да тұрғын үйдің қолжетімділігі тек әлеуметтік әлсіз топтарға ғана емес, алғаш рет баспана алғалы отырған қазақстандықтарға да бағытталатынын атап өтті. Оның айтуынша, 2025-2026 жылдары жаңа тұрғындар қатары көбейіп, баспана алу тетігі айтарлықтай оңайламақ.
Премьер-министр Олжас Бектенов та бұл бағыттағы жұмыстардың үкіметтік деңгейде қолдау табатынын айтты. Соңғы уақытта базалық мөлшерлеменің өсуіне байланысты екінші деңгейлі банктер ипотекалық несиелеу көлемін қысқарта бастаған. Осыған байланысты Үкімет тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін қолдау туралы шешім қабылдады. Бұл шешім тек әскери салаға емес, жалпы халықтың тұрғын үйге қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Жеңілдетілген «Әскери баспана» бағдарламасының қайта іске қосылуы ел үшін маңызды әлеуметтік қадам болмақ. Әскерилердің тұрақты баспанамен қамтамасыз етілуі олардың қызмет сапасына, отбасылық тұрақтылығына және ел алдындағы жауапкершілігіне оң әсер етеді.
Мемлекет тарапынан жасалып жатқан осындай нақты қолдау шаралары қоғамның қорғанысқа деген сенімін де арттырады. Әскерилер – мемлекеттің тірегі, олардың өмір сүру жағдайы елдің қауіпсіздігімен тікелей байланысты. Сондықтан жеңілдетілген ипотека тек тұрғын үй бағдарламасы емес, ел болашағына салынған инвестиция ретінде қарастырылуы керек.