90-жылдардағы өтпелі дәуірде Қазақстан мұнайын бөлісу туралы келісімшарттар елдің экономикалық тірегіне айналды. Сол кезде еліміз халықаралық инвесторларға есігін айқара ашқан еді. Олардың капиталы мен технологиясы болмаса қара алтынды барлау да, өндіру де мүмкін емес-тұғын. Бірақ сол келісімдер кімге қаншалықты тиімді болды? Келісімдер жаңғыртылуы керек пе? Осы сұрақтар төңірегінде «Жаһан жайы» бағдарламасының жүргізушісі, журналист Индара Тұрсынбай Energy Monitor қоғамдық қорының атқарушы директоры, мұнай-газ саласының сарапшысы Нұрлан Жұмағұловпен сұхбаттасқан еді. Сол сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
– Нұрлан мырза. Қазіргі таңда инвесторлар мен Қазақстан арасында қандай да бір келіспеушіліктер бар ма?
– Әрине бар. Мәселен, Қашаған жобасын алайық. Қазақстан тарапынан 4,5 млрд долларлық экологиялық айыппұл салынды. Күкірттің көп мөлшерде сақталуы халықаралық талаптарға қайшы деп танылды.
Тағы да айтсақ, сол Қашаған бойынша халықаралық арбитражда сот процесі жүріп жатыр. 13 млрд доллар көлеміндегі шығынды есепке алмау жөнінде Қазақстан шағым түсірген.
Инвесторлар тарапынан керісінше, жоба тиімсіз болды, 150 млрд долларға дейін кіріс жоғалттық деген уәж айтылып жатыр. Тағы бір ірі жоба Қарашығанақта газ өңдеу зауытына қатысты шешім қабылданбай келе жатқанына екі жылдан асты.
– Мұндай даулар қанша уақытқа созылады?
– Арбитраждық процестердің өзі екі жылдан асты. Ал экологиялық айыппұл жақында ғана қозғалды. Мұндай істер ұзаққа созылады, бірақ ұлттық мүдде тұрғысынан сабырмен, аөыл-пайыммен әрекет ету қажет.
– Өнімді бөлісу туралы келісімдерде мемлекетке тиімсіз тұстар қандай?
– Бізде үш ірі жоба бар. Олар – Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ. Екеуінде өнімді бөлісу келісімшарты жасалған. Теңізде тұрақты келісімшарт бар. Бастапқыда 50 пайыздық үлеспен кірдік, қазір ол үлес 20 пайызға дейін төмендеген.
Осы жобалардың бірде-біреуі ішкі нарыққа мұнай жеткізбейді, тек экспортқа жұмыс істейді. Бұдан бөлек, олар салықтың заманға сай жүйесін қолданбайды, көптеген жеңілдіктерге ие.

– Демек, 90-жылдары жасалған келісімшарттар қазіргідей жағдайға бейімделмеген болды ғой?
– Дәл солай. Ол кезде инвестиция ауадай қажет болды. Біз инвесторларға барлық есікті ашып бердік. Экономикамыз тоқтап қалмауы үшін мәжбүрлі шешімдер қабылданды. Бірақ енді жағдай өзгерді. Уақыттың талабы басқа.
– Ендігі келісімшарттарда қандай өзгерістер күтіледі?
– Ең әуелі, үлесті арттыруымыз қажет. Теңізде 20, Қашағанда 17, Қарашығанақта небәрі 10 пайыз үлес бізге тиесілі. Жаңа келісімдерде осы көрсеткіштерді ұлғайту қажет. Екіншіден, ішкі нарықты қамтамасыз ету басты талап болуы керек. Мұнай өңдеу зауыттарымыз шикізатсыз қалмауы тиіс.
– Жаңа зауыттар салу неге кейінге шегерілді?
– Негізгі себеп ішкі нарықтағы бағаның төмендігі. Экспортқа мұнайды 230 мың теңгеге сатуға болады, ал жергілікті зауыттарға тек 100 мың теңгеге тапсыруға тура келеді. Екі есе айырмашылық. Осы себептен инвесторлар ішкі нарықты тиімсіз деп санайды. Мұнай-химияны дамытудың мүмкіндігін сол себептен де көп жағдайда пайдаланбай қалдық.
– Сонда болашақта не істеуіміз керек?
– Ұлттық мүддені басшылыққа ала отырып, келісімшарттардың талаптарын қайта қарау қажет. Әсіресе әлеуметтік, экологиялық және өңдеуші секторға бағытталған талаптар күшейтілуі тиіс.
Мемлекет пен инвестордың мүддесі тең дәрежеде қорғалғанда ғана тұрақты әріптестік орнайды. Уақытында жасалған шешімдер еліміздің ертеңін айқындайды. Енді қателесуге жол жоқ.
– Қазір ішкі нарықты мұнаймен қандай компаниялар қамтамасыз етіп отыр?
– Ішкі нарықты негізінен екі алып құрылым «ҚазМұнайГаз» және CNPC қамтамасыз етіп отыр. Екеуі елдегі жанар-жағармайдың 80-85 пайызына жауап береді. Қалған 90 шақты компанияның көпшілігі тек ішкі нарыққа жұмыс істейді, ал экспортқа тек бесеуі ғана шығады.
Қызығы сол, Қазақстанда өндірілетін мұнайдың үштен екі бөлігі Қашаған, Қарашығанақ пен Теңізге тиесілі. Бірақ осы үш алып жобаның бірде-бір тамшысы ішкі нарыққа бағыттамайды.
Қарапайым мысал – халық саны өсіп жатыр. Халықпен бірге көлік саны да артуда. Бұрын бір отбасы бір көлікке зар болса, қазір бірнеше көлігі бар отбасылар жетерлік. Осының бәрі отынға сұранысты арттыруда.
Сол себепті, Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын екі есеге – 6 миллионнан 12 миллион тоннаға дейін арттыру жоспарда тұр. Павлодар мен Атырау зауыттары да кемінде 1-2 миллион тоннаға өсіруді көздеп отыр.
Жалпы алғанда, қазіргі 17 миллион тоннадай өңдеу көлемі болашақта 29 миллион тоннаға жетуге тиіс. Бұл – стратегиялық қадам. Халықты тұрақты отынмен қамтамасыз етпесек, сыртқы факторларға тәуелділік ушыға береді.

– Инвесторлар мұнайды шетелге шығаруға мүдделі екенін айтып қалдыңыз. Егер біз өзіміз мұнай өңдеу зауыттарын салып, жаңғыртқан болсақ, оларды шикізатпен толық қамти аламыз ба?
– Егер мұнай зауыттары нарықтық бағамен мұнай сатып алса – иә. Бірақ қазіргі жағдайда бұл мүмкін болмай тұр. Себебі айырмашылық жер мен көктей.
Мысалы, экспорттық нарықтағы мұнайдың тоннасы 230 мың теңге тұрса, отандық зауыттарға ол небәрі 100 мың теңгеге ұсынылады. Екі есе төмен. Осындай айырмашылық болған жерде ешбір инвестор ішкі нарыққа мұнай сатуға ынталы емес. Атыраудан Алматыға дизель отынын цистернамен тасу 100 доллар тұрады. Ал сол Атыраудан Қара теңізге дейінгі экспорттық құбыр – КТК арқылы жөнелту бар-жоғы 38 доллар. Экономикалық жағынан экспорт әлдеқайда тиімді.
– Демек, транзиттік құн да арзан…
– Иә. Өйткені Еуропаға бензин не дизель тасымалдау үшін арнайы құбырлар қажет. Бірақ ондай жүйені салуға ешкім тәуекел етіп жатқан жоқ. Сондықтан цистернамен тасуға тура келеді, ал ол өте қымбат. Екі-үш есе емес, төрт-бес есе шығын көп болуы мүмкін. Яғни, ішкі нарықтағы отын қолжетімді болуы үшін мемлекет субсидиялауға мәжбүр. Әйтпесе бәрі экспортқа кетер еді.
– Қазақстан мұнай тасымалында диверсификация жасап жатыр ма? КТК-ға қандай балама қарастырылуда?
– Қазір нақты балама жоқ. Бар-жоғы қосымша бағыттар бар. Қытай бағыты, «Баку-Тбилиси-Жейхан» бағыты, сондай-ақ «Атырау-Самара» құбыры. Бірақ бұл бағыттардың әлеуеті шектеулі.
Егер Қашаған өндірісін екі есеге арттырып, тәулігіне 800 мың баррельге жеткізсе, КТК-да орын жетпейді. Жаңа қуат қажет болады. Сондықтан да Атыраудан Ақтауға дейін жаңа құбыр жобасы қарастырылып жатыр. Ол арқылы мұнай Ақтаудан Бакуге танкерлермен немесе теңіз астындағы құбыр арқылы тасымалдануы мүмкін. Жобаның әлеуеті жылына 10-20 миллион тоннаға жетуі ықтимал.

– Егер зауыттарға мұнай нарықтық бағамен берілсе, халық арзан бензин қағылатыны анық. Үкімет реттемесе, баға не болар еді?
– Баға кем дегенде екі есе өсер еді. Қазір бензин литрі 210 теңге тұрса, 410 теңгеге дейін баруы мүмкін. Әлемдік бағадан сәл ғана төмен болар еді, бірақ халықтың қалтасы көтермейді.
Сондықтан мемлекет реттеуге мәжбүр. Диқандар үшін дизель арзандатылып беріледі. Бұл реттеуді Үкімет өзі жүзеге асырмайды, ережені бекітеді, ал орындаушы мұнай компаниялары.
Сұйытылған газ да солай. Қазақстанда автогаз ең арзан отынның бірі. Бірақ мұнай компанияларына бұл тиімді емес. Олар өзіндік құнын ақтай алмай отыр. Сондықтан ұзақ мерзімде бұл да тұрақсыздыққа әкелуі мүмкін.
– Үкіметтің нарыққа араласуы экономикаға қалай әсер етеді?
– Мемлекеттің араласуы пайдалы. Бірақ оны бәрі түсіне бермейді. Мұнай жай ғана жер астында жатқан табиғи байлық емес. Оны жерден шығарып, өңдеп, сақтап, жеткізу үшін қыруар қаражат қажет. Мыңдаған маман еңбек етеді.
Олар жалақы сұрайды, инфляциямен күреседі. Инвестор пайда табуы керек. Сондықтан мемлекеттің бағаны реттеуі бір жағынан халық үшін пайдалы болса, екінші жағынан инвестиция үшін шектеу.
Сол себепті болашақта нарықтық бағаға көшу – заңдылық. Бірақ оны бірден жасау қауіпті. Қазір бензин бағасы біртіндеп өсіп жатыр. Еркін нарық жағдайына бейімделудің алғашқы қадамдары басталды.
– Риторикалық сұрақ қойсам, мұнай қашан таусылады?
– Мұнай таусылмайды. Біз қазір жер қойнауындағы мұнайдың тек 30 пайызын ғана шығара аламыз. Қалғанын технология мүмкіндік бермейді. Бірақ ғылым тоқтап тұрған жоқ. Бәлкім 20-30 жылдан соң біз сол қол жеткізілмейтін мұнайға да жол табармыз. Қазір қолда бар мәлімет бойынша 4 миллиард тонна мұнайымыз бар. Жылына 90 миллион тонна өндіріп отырмыз. Қарапайым есепке салсақ, тағы 45-50 жыл мұнай өндіруге толық мүмкіндік бар.
Бірақ одан кейін не болмақ? Энергетиканың болашағы басқа бағытқа ауып барады. Көмірсутегіне балама табу ертең емес, бүгін басталуы тиіс жұмыс. Әйтпесе экспортқа тәуелділік күйінде қала береміз.
– Нұрлан мырза, кәсіби тұрғыдан айтылған әңгімеңіз үшін алғыс айтамыз!