Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Республика күні арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
«Мемлекеттік егемендік туралы декларация және қазіргі Қазақстан» тақырыбындағы жиынға отандық және шетелдік ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, университет басшылығы, профессорлар мен студенттер қатысты.
Конференцияны университет ректоры Жансейіт Түймебаев ашып, Республика күнінің мәніне тоқталды. Оның айтуынша, бұл күн – ұлттық бірлік пен мемлекеттілік идеясының символы. «Бұл мереке – жай ғана тарихи дата емес. Бұл – елдің өткеніне тағзым, болашаққа деген сенімнің белгісі», – деді ректор.
Ол сөзінде қазақстандық конституционализмнің қалыптасуына үлес қосқан Сұлтан Сартаев пен Салық Зимановтың еңбегін ерекше атап өтті.
Ректор сондай-ақ Қазақстанның қазіргі даму бағытына тоқталып, елдің цифрлық дәуірге қадам басқанын айтты. «Бүгінде Қазақстан цифрландыру мен жасанды интеллект кезеңіне өтуде. Мемлекет басшысының бастамасымен «Заң және тәртіп» қағидатына негізделген жаңғыру жүзеге асуда», – деді Жансейіт Түймебаев.
Жиында Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова, заң ғылымының докторы Игорь Рогов, Алматы қаласы прокурорының орынбасары Дамир Қатаев және өзге де сарапшылар сөз сөйледі.
Пленарлық отырыста Қазақстанның егемендігі, саяси жүйенің эволюциясы, құқықтық және әлеуметтік-экономикалық реформалар кеңінен талқыланды. Конференция жұмысы секциялық отырыстарда жалғасты. Қатысушылар конституциялық даму, мемлекеттік егемендіктің құндылығы, экономикалық саясат және тұрақты даму мәселелерін жан-жақты қарастырды.
Бұл ғылыми алаң егемен Қазақстанның өткен жолын саралап қана қоймай, болашақ даму бағытын талқылауға мүмкіндік берген маңызды басқосу болды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







