Bloomberg-тің ақпаратына сенсек, Қазақстан Exxon Mobil-мен келісімге келе алса, Қашағанның екінші тынысы ашылады.
Қазір кеніштің тек шығыс жағы ғана игерілуде, жаңа келісім жасалса, алып кен орнының өндіріс көлемі күрт артуы ықтимал деп жазады Ertenmedia.
Exxon Mobil Қашағанды игерудегі басты инвестордың бірі. Компания Қазақстанмен Теңіз кен орнындағы лицензиясын ұзарту мәселесін де пысықтап жатыр.
2033 жылы мерзімі бітетін лицензияны ұзарту үшін Бектенов үкіметі Қазақстанның жобадағы үлесін арттыруды талап етуде. Алайда келіссөздердің нәтижелі боларына еш кепілдік жоқ.
Қашаған әлемдік мұнай нарығындағы кейінгі онжылдықтардың ең ірі олжасы. Қазіргі күні кен орнынан тәулігіне 450 мың баррельге жуық мұнай өндіріледі. 2026 жылы жаңа газ өңдеу қуаттары іске қосылса, осы көрсеткіш тәулігіне 500 мың баррельге жетпек.
Ал 2031 жылға қарай өндіріс көлемі тәулігіне 700 мың баррельге дейін артады деген жоспар бар.
Қашағанды игерудің машақаты мол. Қатал климат, теңіздегі жұмыс қауіпсіздігі, логистика мен техникалық қиындық жобаны әлемдегі ең күрделі кен орындарының қатарына қосқан. Мұнда жер қойнауындағы қысым жоғары, әрі кен құрамында күкіртсутектің мөлшері тым көп.
Бұған дейін біздің ел Қашаған инвесторларымен соттасып, жеңіліс тапқан еді. Соған қарамай Астана 4 млрд доллар көлеміндегі экологиялық айыппұлдан бас тартар емес.

 
		
