Семейдегі колонияда отырып, жұртты джихадқа шақырған ер адамға сот үкімі шықты, деп хабарлайды Ertenmedia.
Тергеу материалдарына сай, ол жазасын №20 түзеу мекемесінде өтеп жатқанда WhatsApp пен Telegram арқылы экстремистік сипаттағы видеолар мен жазбаларды таратқан.
«Таратылған материалдарда қарулы джихадқа шақыру, террорлық әрекеттерді ақтау және өзге дін өкілдеріне қарсы үгіт-насихат анықталды. Сараптама нәтижесінде материалдардың зорлық-зомбылық пен дінаралық өшпенділікті насихаттайтыны расталды», – делінген сот мәлімдемесінде.
Сотталушы ҚР Қылмыстық кодексінің 256-бабы 2-бөлігі («Байланыс желілерін пайдалана отырып терроризмді насихаттау») бойынша кінәлі деп танылып, 9 жылға қатаң режимдегі түрмеге кесілді. Бұрын өтелмеген жазасы ішінара қосылып, жалпы мерзім 10 жыл болып белгіленді.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, бұған дейін Түркістан облысында екі азамат «Мұсылман бауырлар» және «Хизб-ут-Тахрир» ұйымдарына шақырғаны үшін сотталған болатын. Олар тыйым салынған ұйымдардың материалдарын әлеуметтік желілер арқылы таратқаны үшін жеті жылдан бас бостандығынан айырылды.
2025 жылдың алғашқы алты айында елде терроризм мен экстремизм насихатына байланысты 60-тан астам адам жауапқа тартылған. Олардың ішінде үш шетел азаматы бар. Астана мен Шымкент тұрғындары да радикалды идеяларды таратқаны үшін 7-8 жылға сотталған еді.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.

