Түркістан облысы Келес ауданына қарасты Абай ауылында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында заманауи спорт нысаны салынып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров кешеннің ашылу салтанатына арнайы қатысып, келестіктердің қуанышымен бөлісті, деп жазады Ertenmedia.kz.
– Бүгін Келес ауданында қуанышты сәттің куәсі болып отырмыз. Аймақта заман талабына сай жаңа спорт кешені пайдалануға берілуде. Баршаңызды осы ғимараттың ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауларында бұқаралық спортты дамыту мен халықтың денсаулығын нығайтуды басым бағыттардың бірі ретінде айқындап келеді. Президент тапсырмасына сәйкес облыс көлемінде спорт инфрақұрылымын жетілдіру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Бүгінде өңірімізде жаңа спорт нысандары бой көтеріп, жастардың спортпен тұрақты түрде айналысуына қолайлы жағдай жасалуда. Пайдалануға беріліп отырған бұл заманауи спорттық-сауықтыру кешені «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында салынды. Бұл нысан аудан тұрғындарының спортпен айналысуына және кәсіби спортшылардың шеберлігін арттыруға үлкен мүмкіндік береді деп сенемін. Біз спорт саласын дамытуға және жас ұрпақтың денсаулығын нығайтуға бағытталған жұмыстарды жалғастыра береміз. Өйткені ұлттың денсаулығы – елдің ең қымбат байлығы.

Сондықтан баршаңызды салауатты өмір салтын ұстанып, жаңа кешеннің мүмкіндіктерін толық пайдалануға шақырамын! Жаңа нысан ел игілігіне қызмет етіп, осы жерден бүкіл елдің атын әлемге танытатын Олимпиада және әлем чемпиондары шыға берсін! – деді облыс басшысы Нұралхан Көшеров.
Заманауи спорт кешенінің жобалық құны 1,8 млрд. теңгені. Мұнда 250 жанкүйерге арналған жарыс залы, волейбол, баскетбол, күрес, аралас жекпе-жек, бокс залдары қарастырылған. Жаттығу өткізіп қана қоймай, ірі жарыстар өткізуге болады.
Айта кетейік, биыл облыс көлемінде 102 спорт нысанын салу жоспарланып, оған қажетті қаржы бөлінді. Бүгінде 66-сы нысанның құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілді. Олардың қатарында ескек есу каналы, 5 спорт кешені, спорт залдар мен алаңдары және футбол манеждері бар.

Өңірде бұқаралық спортты дамыту бағытында халықаралық спорттық сайыстар легі де жалғасып келеді. Ел намысын қорғап жүрген спортшылар да жетерлік. Облыста спорт саласына қолдау көрсету жұмыстары жалғаса бермек.

