Аймағамбетов дәрігерге қол көтергендерге жазаны күшейтуді ұсынды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов денсаулық сақтау саласы қызметкерлерін қорғауға бағытталған заң жобасы әзірленгенін мәлімдеді. Құжат дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне қарсы жасалған зорлық-зомбылық пен қорлау әрекетіне жауапкершілікті қатаңдатуды көздейді.
«Бұл дәрігерлер мен медицина қызметкерлерін қорғау мақсатында қолға алынған өте маңызды бастама. Соңғы жылдары медицина мамандарына жасалған шабуыл жиілеп кетті. Бір дәрігер жұмыс орнында соққыға жығылса, енді бірі жедел көмек көрсету үшін барған үйінде қорлық көрген. Мұндай жағдайдың қайталануына жол беруге болмайды. Сондықтан осы заң жобасында нақты шаралар қарастырылып отыр», – деді депутат.
Аймағамбетовтің айтуынша, бұған дейін Мемлекет басшысы да осы бастаманы қолдап, Үкіметке нақты тапсырма берген. Мәжілістің тиісті комитеті заң жобасын қарауға дайын.
Ресми деректер бойынша, соңғы бес жылда Қазақстанда медицина қызметкеріне 175 рет шабуыл жасалған. Оның үстіне, жыл сайын мұндай келеңсіз оқиғалар көбейіп барады.

