Жоғары аудиторлық палатаның тексерісінен кейін ондаған спорт шенеунігі тәртіптік жазаға тартылды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Палата төрағасы Әлихан Смайыловтың жетекшілігімен өткен аудит барысында Спорт және дене шынықтыру істері комитеті мен оған бағынысты мекемелерде бюджет қаражаты тиімсіз жұмсалып, қаржылық есеп жүргізуде көптеген заңсыздық болғаны анықталды. Сондай-ақ мемлекеттік мекемелердегі ішкі бақылаудың нашарлығы сынға алынды.
Тексеріс нәтижесінде:
«Спортты дамыту дирекциясы», «Республикалық спорт колледжі», «Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы олимпиада резервінің республикалық мектеп-интернат-колледжі», Алматыдағы «Олимпиадаға даярлау орталығы», «Алатау» қысқы спорт түрлері бойынша жоғары спорт шеберлігі мектебінің басшылары мен лауазымды қызметкерлері жауапқа тартылды.
Аудиторлардың айтуынша, жауапкершіліктің жоқтығы мен қаржы ашықтығының төмен болуы мемлекеттік спорт бағдарламаларының тиімділігіне кері әсерін тигізген. Алайда кемшілік тек қаржыға ғана қатысты емес.
Тексеріс елдегі спорт резервін даярлау ісінде елеулі олқылықтарды көрсетті.
Аудиторлардың мәліметіне сай, Қазақстанда 32 мыңнан аса дене шынықтыру пәнінің мұғалімі еңбек етіп жүр. Дегенмен, олардың әлеуеті талантты балаларды анықтауда толық пайдаланылмайды.
Соның салдарынан мыңдаған дарынды оқушы мектеп қабырғасынан әрі аса алмай, кәсіби спорт жүйесіне кірмей қалады.
Мәселені шешу үшін Туризм және спорт министрлігі шара қабылдауға мәжбүр болған. Министрдің тапсырмасымен мектептерде арнайы спорт сыныптарын ашу қолға алынды. Оған спорттық қабілеті жоғары оқушыларды іріктеп алады.
Балаларды іріктеуге дене шынықтыру пәнінің мұғалімдерімен қатар кәсіби спорт ұйымдарының жаттықтырушылары да қатысып, білім мен спортты біріктіретін болады.
Айта кетерлігі, Жоғары аудиторлық палата қарашаның басынан бері бірқатар ведомствоны мұқият тексеруден өткізді. Бұған дейін Оқу-ағарту министрлігінің қызметкерлері, жетекші университеттердің басшылары мен оқытушылары жауапкершілікке тартылған еді. Оларда педагог мамандарды даярлау, жұмыспен қамту және әдістемелік қамтамасыз ету саласындағы олқылықтар анықталған.
Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігіндегі тексерістен соң «СК-Фармация» басшысы қызметінен айырылды. Агроөнеркәсіп саласындағы ветеринария, фитосанитария және азық-түлік қауіпсіздігіне жауапты ондаған мемлекеттік қызметкерге де жаза қолданылды.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.

