Алматыда Каныш Сәтбаев атындағы 56-мектеп жайлы хабар әлеуметтік желіде тез тарады. Әсіресе карниз бұзылған сәттің видеосы шыққаннан кейін жұртшылық «тарихи ғимаратты құлатып жатыр» деп ойлады. Осы кезде эмоция алдыға шығып, ресми ақпарат кейін қалып қояды. Сол үшін Құрылыс басқармасы дер кезінде түсініктеме беріп, ғимараттың сүру жоспары жоқ екенін, керісінше сейсмикалық күшейту мен күрделі жөндеу жүріп жатқанын айтты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Енді мәселені сабырмен тарқатайық. Алматы сейсмикалық аймақта орналасқан қала. Көпқабатты үйлерге қойылатын талап қандай қатал болса, балалар оқитын мектепке қойылатын талап одан кем болмауы керек.
56-мектептің ғимараты ескі, тарихи мәні бар, әрі орталықта орналасқан. Мұндай ғимараттарды екі жолмен ғана сақтауға болады. Не сырттай әдемі көрінсінші деп жөндемей қою, не ішкі конструкциясын күшейтіп, сыртқы келбетін қайта қалпына келтіру. Қала екінші жолды таңдады.
Сол себепті карнизді, шатырды, парапетті уақытша шешіп алу табиғи процесс. Кейбір медиалар көрсеткендей, «құлату» емес, «қалпына келтіру алдындағы бөлшектеу». Құрылысшылардың айтуынша, сол карниз бастапқы сәулеттік қалпында қайта орнатылады. Бұл туралы да әкімдік ашық айтты.
Тағы бір маңызды тұс бар. Жөндеу жұмыстарының мақсаты тек қабырға жамау емес. Жобаға қарасақ, мектептің ішкі оқу кеңістігі толық жаңарады. Физика, химия, биология кабинеттері зертханалық құралмен жабдықталады, демек бұл ғимарат тек тарихи қабырға ретінде ғана сақталмай, қазіргі білім стандартына да сай болады. Қаланың ортасында тұрған мектепте мультимедиялық үйірме бөлмелері, кең демалыс аймақтары, кітапхана, жаңа асхана және ең бастысы көпфункционалды спорт кешені болады деп отыр.
Яғни балалар бұдан былай тар сыныпта емес, кең әрі жарық ортада оқиды. Бұл қаладағы ескі мектептерге қатысты қалыптасқан көзқарасты өзгертетін мысал болады. Көп жағдайда біз ескі мектепті не құлату керек, не қалдыру керек деп екіге бөліп ойлаймыз.
Әлеуметтік желідегі шу неге шықты. Себебі нысан қоршауында тұрған алғашқы паспортта колоннасы мен карнизі көрсетілмеген эскиз болған. Яғни адамдар «эскизде жоқ екен, демек бұзылады» деп ойлады. Сол күні-ақ басқарма эскизді ауыстырғаны туралы әкімдік сайты жазды. Осылайша әкімдік те бұрынғыдай үндемей отыру емес, тез реакция бергеніне куә болдық.
Алматыда оқушы орнының тапшылығы, мектеп ғимараттарының тозуы туралы мәселе жиі көтеріледі. Мұндай жағдайда кейбір қалалар ескі ғимаратты түгел сүріп, жаңасын салып алады. Бірақ қала ортасында бұлай жасау қауіпті. Біріншіден, тарихи орта жоғалады. Екіншіден, жаңа ғимаратты сейсмикаға бейімдеу үшін де дәл сонша қаражат кетуі мүмкін. Құрылыс басқармасы 2026 жылдың сәуірінде жұмысты аяқтаймыз деп отыр, бас мердігер ретінде «Астана-Стройинвест» көрсетілген. Бұл да орыс тіліндегі материалдармен сәйкес. Демек уақытша ыңғайсыздық болады, бірақ нәтижесінде қала тарихи мектептің сыртқы келбетін де, ішкі мазмұнын да сақтап қалады.

