Жоғары аудиторлық палатаның ескертуін елемеген 18 лауазымды тұлға әкімшілік жауапқа тартылды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Әлихан Смайылов басқаратын мекеменің мәліметіне сәйкес, тексеру қорытындысы бойынша берілген ресми ескертуді бірқатар әкімдер мен мемлекеттік орган басшылары орындамаған немесе уақытылы жүзеге асырмаған.
Жоғары аудиторлық палатаның ескертуі мемлекеттік аудиттен кейін нақты анықталған кемшілікті жоюға бағытталған ресми құжат. Онда қандай олқылықты жою қажет, оған кім жауапты және қандай мерзімде орындауы тиіс екені нақты көрсетіледі.
Осы ескертуді орындамағаны үшін Ұлытау облысы әкімінің орынбасары, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары, Жаңаарқа ауданы әкімінің орынбасары, Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының міндетін атқарушы және «СПК Семей» қызметкерлері жазаға тартылды.
Сонымен қатар, бірнеше мемлекеттік орган да ескертуді елемеген.
Олардың ішінде Қаржыминнің Мемкірістер комитеті, Су ресурстары министрлігінің Су ресурсын реттеу комитеті, Көлікминнің Автомобиль жолдары комитеті және Қызылорда облысы әкімінің аппараты бар.
Бұдан бөлек, Жезқазған, Сәтбаев қаласы мен Ұлытау ауданы әкімдігінің бас аудитор Смайыловтың талаптарын орындамауына байланысты палата сотқа арыз түсірген. Қазір аталған іс сот қарауында жатыр.
Жоғары аудиторлық палата ескертуді тек жауаптыларды жазалау үшін ғана емес, республикалық маңызы бар салалардағы заңсыздықтың алдын алып, тәртіп орнату мақсатында береді. Палата мамандары берілген ескертудің орындалуын үнемі бақылап отырады.
Ertenmedia бұған дейін Смайыловтың спорт саласындағы бірқатар былықты әшкере еткенін, егжей-тегжейлі жазған еді.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
Далада қалған дарынды балалар: Смайыловтың спорт шенділеріне жасаған тосын сыйы

