«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы «Лукойлдың» Қарашығанақ жобасындағы үлесін сатып алады деген ақпаратты жоққа шығарды, деп жазады Ertenmedia.
«БАҚ-та тарап жатқан мәлімет шындыққа жанаспайды. Дегенмен Қарашығанақ жобасындағы санкцияның әсерін серіктестерімен бірге мұқият әрі тұрақты түрде сараптап отырмыз», – деп нақтылады ҚМГ баспасөз қызметі.
Бұған дейін, Reuters агенттігі «ҚазМұнайГаз» санкцияға ілінген «Лукойлдың» Қазақстандағы үлесін сатып алуы мүмкін екенін хабарлаған.
Агенттік материалында нақты кен орындары аталған жоқ, алайда Қарашығанақ туралы жанама айтылды. Мұндағы «Лукойлға» тиесілі үлес 13,5 пайыздың шамасында. Еліміздің Энергі министрлігі де Қарашығанақ консорциумындағы жаңа серіктестіктер санкцияны есепке ала отырып мақұлданатынын ескерткен еді.
Күні кеше Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов те Қазақстан «Лукойлдың» активін сатып алу туралы келіссөз жүргізбейтінін мәлімдеген болатын.
Министрдің айтуынша, елдегі Қарашығанақ, Теңізшевройл және Каспий құбыр консорциумы секілді ең ірі мұнай-газ жобалары санкция тізіміне енбеген, сондықтан олардың жұмысына қауіп төніп тұрған жоқ.
«Жұмыс бұрынғы қалыппен жүріп жатыр және солай жалғаса береді», – деді министр.
Ақкенженов «Лукойлға» қатысты түпкілікті шешім желтоқсанның ортасына дейін кейінге қалдырылғанын айтып отыр.
«Осы уақытқа дейін орыстар өз мәселесін өзі шешуі тиіс. Бектенов үкіметі ресейлік компанияның активін сатып алу туралы ешқандай келіссөз жүргізіп жатқан жоқ», — дейді Аққенженов.
Еске сала кетейік, қазан айының соңында «Лукойл» шетелдік активтерін швейцариялық Gunvor Group-қа сату туралы келісімге келген. Алайда мәміле жүзеге аспады. Әміриканың Қаржы министрлігі трейдер компанияны Кремльмен байланысы бар деп айыптаған болатын.
Сарапшылар пікірінше, ендігі жерде «Лукойлдың» қазақстандық активтерін жергілікті немесе Батыс компаниясы сатып алуы мүмкін. Айтқандай, ҚМГ-ның үлесті сатып алуға басым құқығы бар. Мамандардың пайымдауынша активін сатып құтылу «Лукойл» үшін әлдеқайда қауіпсіз шешім. Ал Астана үшін бұл негізгі мұнай-газ жобаларына бақылауды күшейту мүмкіндігі болмақ.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
Атланттың ар жағынан атылған оқ: «Лукойлдың» қазақ жеріндегі алты миллиардтық арманы үзілді

