Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қытайдың техникалық университеттерімен жасыл энергетика, цифрлық технология және жасанды интеллект салаларында ортақ жобаларды жүзеге асырады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Келісімге ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев пен Қытайдың өнеркәсіп және ақпараттандыру вице-министрі Чжан Юньминнің кездесуі барысында қол жеткізілді.
Келіссөздерде тараптар ҚазҰУ мен Қытай ЖОО-ларының ғылыми-инновациялық әлеуетін біріктіру, студенттер мен ғалымдардың академиялық ұтқырлығын кеңейту мәселелерін талқылады.
Жансейіт Түймебаев өз сөзінде бұл сапардың маңызы зор екенін атап өтіп, ҚазҰУ-дың Қытай университеттерімен жүргізіп отырған ынтымақтастығының нәтижесін баяндады.
«Сіздің бұл сапарыңыз ынтымақтастықтың жаңа кезеңін айқындайды. ҚазҰУ Қытай университеттерін маңызды серіктес санайды. Бізде Қазақстандағы ең ірі Конфуций орталығы мен Қытайтану кафедрасы жұмыс істейді. Студенттер қытай тілін үйреніп, мәдениетімен жақынырақ танысуда. ҚазҰУ зерттеушілері 100-ден аса ғылыми жоба әзірледі. Осы жобаларды қытайлық компаниялармен бірлесіп өндіріске енгізуге дайынбыз», – деді ректор.
Қытай өкілі Чжан Юньмин де серіктестіктің маңызына тоқталып, бірлескен ғылыми орталық ашуға және цифрлық технология, жасанды интеллект саласында мамандар даярлауға дайын екенін айтты.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапарында «білімге инвестиция салу – маңызды бастама» деп атап өткенін білеміз. Осы бағытта біз ҚазҰУ-мен бірлесіп ғылыми орталық ашуға мүдделіміз», – деді вице-министр.
Кездесуден соң қытайлық делегация ҚазҰУ базасындағы Қашықтықтан зондтау, Суперкомпьютер орталығын, Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалын және ZTE компаниясы бөлімшесін аралап көрді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







