Құқық және экономика факультетінің студенттері Талдықорған қаласы прокуратурасының мемлекеттік айыпты қолдау бөлімінің аға прокуроры Дана Сәрсенбаймен кездесті. Кездесуді әлеуметтік жұмыс және жастар саясаты жөніндегі проректор Болат Сериев жүргізіп, Дана Нұрланқызы елімізге танымал жас прокурор, Жетісу университетінің түлегі екенін жеткізді.
– Дана Сәрсенбай жаңа буын прокурорларының өкілі. Өздеріңіз білесіздер, Дана қоғамда үлкен резонанс тудырған Шерзат Полаттың ісінде мемлекеттік айыптаушы ретінде қызмет атқарды. Өз ісінің кәсіби маманы ретінде танылып, көпке үлгі болды. Бүгінгі кездесуде Дана Нұрланқызы сіздерге «Заң мен тәртіп еркін болашақ кепілі» тақырыбында дәріс оқып, өз тәжірибесімен бөлісіп, сұрақтарыңызға жауап береді, – деді проректор Б.Сериев.
Қонақ өз дәрісінде қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету тұжырымдамасы, прокуратура саласындағы қызмет қағидаттары, қоғамдық мүддені қорғау, әділ сот процесін қамтамасыз ету, заң нормаларын қатаң сақтау, құқықтық реформалар мен заманауи үрдістер туралы кеңінен баяндады.

Дана Сәрсенбай қоғамда қызу талқыланған істерде прокурор эмоцияға берілмей, заң тілімен сөйлеу қажет екенін жеткізіп, өз тәжірибесін ортаға салды. Студенттердің прокурордың негізгі міндеті, қызметтік мансап, құқықтық сауаттылық жөніндегі сұрақтарына жауап берді.
Еске сала кетейік, дәрісті Құқық және экономика факультеті қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025 – 2030 жылдарға арналған тұжырымдаманы іске асыру аясында ұйымдастырды.

