Қазақстанда 23 қарашадан бастап жаңа жол қозғалысы ережесі күшіне енеді. Өзгеріс жүк көліктерінің жылдамдығына, автобустарға, маяктарды қолдануға және полицияның жұмысына да қатысты болмақ, деп хабарлайды Ertenmedia.
Енді елді мекен ішінде жүк көлігінің жылдамдығы сағатына 50 шақырымнан аспауы тиіс. Ереже жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында енгізіліп отыр. Алайда арнайы белгілермен рұқсат етілген аумақтарда (сағатына 80–90 км) ереже басқаша болады.
«Боран, тұман, жаңбыр немесе қар кезінде көлік колонналарының қозғалысына да қатаң талап қойылды. Мұндай жағдайда жүргізушілерге басып озуға, жолақ ауыстыруға және тоқтауға тыйым салынады. Егер колоннада 10-нан астам көлік болса, екі патрульдік полиция машинасы міндетті түрде ілесіп жүруі керек», – деп атап өтті ІІМ өкілдері.
Сонымен қатар, М2 және М3 санатындағы автобустарға қоғамдық көлік аялдамаларында жолаушы түсіріп-мінгізуге рұқсат берілді. Бұдан бөлек, бұрын арнайы құжаттар мен техникалық паспортқа өзгерту енгізуді талап еткен сары және қызғылт сары маяктарды пайдалану жеңілдеді.
Енді бұл маяктар балалар тасымалдайтын автобустарға, велосипедшілер тобына ілесетін көліктерге, сондай-ақ қауіпті жүк тасымалдаушы машиналарға құжатсыз орнатуға рұқсат етіледі.
Жаңа ережеге сәйкес, сапар парақтарын электронды форматта рәсімдеуге мүмкіндік беріліп, жол белгілері мен таңбалар толықтай цифрланды және жаңартылды.
28 қарашадан бастап патрульдік полицияның қызметіне қатысты өзгеріс те күшіне енеді. Полиция қызметкерлеріне жол ережесін бұзған көліктерді қозғалыста ғана емес, жол жиегінде тұрып та бақылауға қайтадан рұқсат беріледі. Былайша айтқанда, пәлцейлер 2013 жылғы реформаға дейінгі тәртіпке оралады. Патрульдік полиция қызметкерлері арнайы «тұрақ нүктелерінде» тұрып, көліктерді тоқтата алады.
Жаңа нұсқаулықта полиция қызметкері жүргізушіні көліктен түсуге міндеттей алатын жағдайлар да анық көрсетілген. Олар: масаң күйде немесе шаршағанын анықтау, көлікті тексеру, көлік нөмірін салыстыру, тергеу амалдарына қатысу, техникалық ақауды жою, сондай-ақ жүргізушінің полиция қызметкеріне қауіп төндіруі.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің мәліметінше жыл басынан бері Қазақстанда 29 мыңнан астам жол апаты болған. Басты себептер жылдамдықты асыру, қарсы бағытқа шығу, мас күйінде көлік жүргізу және жүргіншілердің жолды кесіп өтуі. ІІМ дерегінше, тек жылдамдықты асырудан 406 адам, қарсы бағытқа шығудан 400 адам көз жұмған.
Бұған дейін депутат Базарбек министр Сәденовтің жұмысын сынға алған болатын.
«Менің ішіме сыймаған сөз, қатардағы көп пікірдің бірі емес, жанайқай. Министр полицияны халық бұдан артық сынай алмайтынын түсінуі керек. Жұрт қазір қылмыскерден емес, полициядан үркеді. Аталған құрылым сенім дейтін маңызды репутацияны жоғалтып алды», – дейді депутат.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
Мәжілістегі майдан: Базарбектің сөзі Сәденовке неге жақпай қалды

