Қазақ қоғамында қала, аудан және көшелердің атауын өзгерту төңірегіндегі талқылау қайта-қайта күн тәртібіне шыға береді. Әдетте әңгіме шықса, бір орта «халықпен кеңесу керек» десе, енді бірі «мұндай шешімдерді мемлекет өзі қабылдауы тиіс» дейді. Тоғжан Қожалы осы тақырыпқа тоқталып, жауапкершілік аймағын нақтылап алудың маңызы зор екенін алға тартты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Тоғжан Қожалының ойынша елді мекендер мен аудандарға ат қою немесе қайта атау жергілікті жиын, кездейсоқ жиналған топтың шешімімен емес, нақты мемлекеттік институттардың құзырында болуы қажет. Яғни Мәжіліс, мәслихат сияқты өкілетті органдар талқылап, дауыс беріп, саяси шешім қабылдауы керек.
– Астана тарихына қарасақ, Целиноград, Ақмола, Астана, Нұрсұлтан, қайтадан Астанаға айналған кезеңдердің бәрінде шешім парламент деңгейінде қабылданды. Сол сияқты Алма-Ата атауы да Алматыға Мәжіліс пен мәслихат шешімі арқылы өзгертілді. Ол кезде қарапайым тұрғындардан жеке-жеке пікір сұрап, референдум өткізген жоқ. Демократиялық тұрғыдан мін табуға болады, бірақ саяси деңгейде солай өткені дұрыс.
Астана мен Алматыдағы көше атаулары да дәл осылай өзгерді. Ленин, Калинин, басқа да кеңестік атаулар әлсін-әлсін қазақша тарихи атаулармен алмастырылды. Ешкім подъезд алдында жиын өткізіп, ашық дауыс беріп, дау шығарған жоқ, – дейді қоғам белсендісі.
Рас, Астана мен Алматыда шешімді өкілетті органдар қабылдады. Халық тарапынан ешқандай қарсылақ болған жоқ. Облыс орталықтары мен аудандарында көше аттарын өзгертуде осы әдісті қолдау керек. Кеңестік жүйенің нәстәлгиясы басылмаған аймақтарда, «жергілікті қауыммен пікір сұрап» әлеуметтік шиеленістің қолдан жасаудың қажеті жоқ.
Автордың ойынша, осындай «кең талқылаулар» төңірегінде кейбір азаматтар әдейі өрт тұтатуға тырысады. Бірі кеңестік атауларды «тарихи мұра» деп қорғаса, екіншісі оны тікелей отаршылдықтың символы деп қабылдайды.
Бұл дауды сыртқы күштер өз пайдасына жаратуға тырысады. Ресейлік медиа немесе әртүрлі пропагандалық ресурстар осындай сәттерді пайдаланып, «орыс тіліндегі атауларды күштеп алып тастап жатыр», «орыс тілділерді қысымға алып жатыр» деген сюжет жасайтінін көріп жүрміз.
– Сондықтан ол облыс, қала, аудан атауына қатысты жерде аса көп «жергілікті демократия» ойнаудың қажеті жоқ. Мемлекет позициясын ашық айтады, мәслихат талқылайды, шешімді қабылданады. Қалған жұрт соны құрметтеуге міндетті. Бұл жерде басты өлшем ұлттық қауіпсіздік пен тәуелсіздік мүддесі болуы шарт. Қазақ жеріндегі өңірлер, соның ішінде Түркістан, Жетісу сияқты тарихи аймақтарда атаулардың қазақша болуы табиғи процесс ретінде қабылдануы керек. Қала, аудан, ауыл, көше атауы жергілікті тарихқа, қазақ топырағына, ұлттық жадыға негізделгені дұрыс, – дейді Тоғжан Қожалы ханым.
«Жолды жөнде, көшенің атын қазақшалама» дейтіндерге Байтук жауап берді

