«Қазіргі заманғы қазақ романы» әдеби бірлестігінің арнаулы тілшісі қазақтың танымал жазушысы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Нұржан Қуантайұлымен сұқбаттасты. Бұл қаламгер де белгілі меценат, ERG компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Шухрат Алиджанұлы Ибрагимовтың демеушілігімен өтіп жатқан «Қазіргі заманғы қазақ романы» конкурсының үшінші кезеңіне өткен болатын.
– Нұржан аға, «Қазіргі заманғы қазақ романы» бәйгесіне меценат Шухрат Ибрагимов мол қаламақы қойылып отыр. Айтыңызшы, қаламақы қаламгердің шығармашылығына қаншалықты күш-қуат береді?
– Голливудтың көркем фильмдері неге үздіксіз дамып отырады, өйткені киноиндустрияға жақсы сценарий ұсына алатын сценарийші көп. Олар мол қаламақы алады, өзара бәсекесі өте күшті. Ал енді соларға қаламақы бермей, тегін жазып бер деп көрші, «есің дұрыс па?» деп аяғына отырғызбай қуып шықсын… Мол қаламақы болмаса, көркемдігі жоғары, жаңалығы көп шетелдік фильмдердің сценарийлері дүниеге келмес еді.
Мол қаламақы болмаса, Батыста жақсы романдар жазылмас еді. Джек Лондон да, Хемингуэй де, Фолкнер де, Томас Манн да қаламақыға жазған. Қазір де солай: жазушы шығармасын негізінен қаламақы табу үшін жазады. Стивен Кингті қараңыз, басқа кітаптарын айтпағанда, 60 роман, 200 әңгіме жазыпты. Қаламақы түспесе, солардың басым көпшілігін, Кинг, меніңше, жазбас еді. Рас, ақшасы төленсе де, төленбесе де, жазғысы келетін қаламгер жаза береді, жақсы шығарманы дүниеге әкеледі. Әйткенмен қаламақы – көркем әдебиеттің дамуына зор ықпал ететін критерийдің бірі.
– Бәйге шарты бойынша роман үш ұрпақ өкілінің тағдырын қамтиды, Сіздің романда осы талап сақтала ма?
– Әлбетте, сақталады. Әу-баста талапқа көніп, бәйгеге ат қостық қой, үш буынның (атасы – әкесі – баласы) тағдыры романда жазылады. Ал енді ол қалай айтылады, қандай формада жазылады, оны шарам біткен соң ғана көре аламыз. Асау тайға ұқсатып бұлқынтып базарға алып шығу шарт емес шығар, өзіміздің көңіл де күпті, қалай болар екен деп күтіп отырмыз (күледі).
– Роман сияқты үлкен жанрға үлкен дайындық керек қой, десе де, қазіргі заманда формасы да, мазмұны да жаңа роман жазу мүмкін бе?
– Ешкім аспаннан аяғы салбырап түспейді ғой. Мықты прозашы, күшті романшы әуелі шеберлікке машықтана бастап, жылдар өте келе ғана сүйекті дүниелерін жаза алған. Талант алмас кені секілді емес пе, оны қырнап, жөндеп, зергерлік өнерін салып, шебердің қолынан шыққандай, әдемі гауһар тасқа айналдыру керек, турасын айтқанда, дамыту керек, ол үшін темір тәртіп, жанкешті еңбек қажет. Өзінің ірі жазушы екеніне сенген жас қаламгер биік мұнара тұрғызу үшін он мыңдаған кірпішті жылдар бойы жалғыз өзі қалап шығуы керек екенін әу бастан түсінгені жөн. Ал ол мұнара мықты, әдемі, келісті болып шыға ма, жоқ па, оны құдай берген талант пен ауыр еңбек қана шеше алады.
Бұл тақырып жастарды қызықтырса, Флобердің хаттарын (әсіресе Луиза Колеге жазған хаттарды) оқуға кеңес берер едім, оның күндіз-түні қалай еңбек еткенін, шеберліктің шыңына қалай шыққанын осы хаттарынан-ақ білуге болады. Шелектеп төгілген қара тердің нәтижесінде ғана Флобердей ұлы жазушының «Бовари ханым» романы жаңа прозаның бастауы болды. Флоберден кейін Еуропа, орыс романшылары осылай жаза бастады. Осындай ұлы авторлардың арқасында әлем әдебиеті жаңа сатыға көтерілді.
Кейін фантастикалық шығармалардың жаңа формалары пайда болды, өткен ғасырдың 60-70-жылдарында жапон және латын америкалық әдебиетте жаңа лептегі романдар жарық көрді. Айта берсе, бұл тарапта әңгіме көп. Әйтсе де, Батыста әдебиетке жаңалық әкелеміз деп жолдары болмаған (әйтпесе таланты жетпеген) қаламгерлер де жоқ емес. Мәселен, XX ғасырдың 60-жылдары Роб-Грийе бастаған кейбір прозашылар мен әдебиет теорияшылары «жаңа роман» теориясын жасап, жаңа үлгіде шығармалар жазды. Бірақ ол эксперименттері күткен нәтиже берген жоқ.
– Жазушы қоғамдық пікірдің ыңғайымен жүруі керек пе, қалай ойлайсыз?
– Жоқ, әрине. Мәселен, қоғамдық пікір жемқорлықты әдепкі, қалыптасқан норма деп танитын болса, суреткер сол ыңғаймен кете бере ме? Әрине, жоқ. Сондықтан қоғамдық пікір әдебиет үшін критерийге жатпайды.
Жалпы, басқа да өнер иесі секілді жазушы көркем сөзде кіршіксіз таза болуы керек. Егер жазушы өзінің шындықты жаза алмағанының, сөзінің ойланып айтылмағанының немесе асығыстық жасағанының себебін түсіндіріп, ақтала бастаса, онда кез келген жемқорға «тапқан малын» тұрмысының нашарлығына, бала-шағасының көптігіне жаба салуына болады ғой. Кісінің жағдайын түсіну керек деген байлам бұл жерге жүрмейді. Кейінгі оқырман жағдайыңды керек те қылмайды.
Жазушының қисық түйініне, артық-ауыс сөзіне, ойланбай айтқан пікіріне кім кінәлі. Заман ба, үкімет пе, тұрмыс па, ол кейінгілерге қызық емес. Қызығуға міндетті де емес. Суреткерді кім арандатты? Дүниеге қызыққан ақымақ достары ма, әлде өз басылымының қамын жеген журналист пе, оны олар анықтап жатпайды. Суреткердің жекжат-жұрағаттың көңіліне қарағаны, кедейшілікте ғұмыр кешкені, тіпті қиын тағдыры – мұның бәрі кейінгіге керек емес.
– «Жазушы – адам жанының инженері» деп жатады. Бұл қаламгерді ең дәл бағалау ғой. Сол биікке қалай жетуге болады, сіздің пікіріңізше?
– Гогольдің «мен жас күнімнен жеке адамды зерттеп, оның бет пішініндегі өзгеріс пен қимыл-қозғалыстың өзінен-ақ жан құбылысын ұстап алғым келетін, сөйтсем, әуелі өз жаныңды терең зерттеуің керек екен ғой» дегені бар. Дәлме-дәл қалай айтқанын ұмыттым, бірақ мағынасы осы. Бұл – өте маңызды пікір.
Жазушы адам жанының инженері бола алмайды, бірақ өз ішінде өтіп жатқан құбылыстарды шынайы, әсерлі бере алса, ол – зор жетістік, зор қабілет. Ал бұған қол жеткізу оңай емес, үлкен еңбекпен, орасан төзіммен келетін нәтиже. Әдебиет микроскоп секілденіп, суреткер жанының құпиясын ұлғайта көрсетіп, сол арқылы бүтін адамзат құпиясын ашып беруі керек қой.
– Бүгінгі әдебиетке қандай талаптар қойылып отыр деп санайсыз? «Қазіргі заманғы қазақ романы» конкурсының шарттары осы талаптарды ескерген бе?
– Әдеби шығармаларға деген талап заман өткен сайын, талғам өскен сайын өзгеруі мүмкін. Бірақ бір нәрсе айқын: жазушы бақылаушы да, көрермен де емес, ол – өмір драмасының кейіпкері. Қаламгер кейпіндегі, жазушы рөліндегі емес, драманың бел ортасында жүрген, қатардағы, көрінбейтін кейіпкер – өзі.
Меніңше, өлеңдегі, лирикадағы құйылып түскен алғашқы нұсқа сезімге қандай бай болса, қандай шын болса, прозадағы алғашқы нұсқа да сондай болуы керек. «Проза – өзінің бойындағы поэзияның арқасында ғана әдебиеттен орын алып отыр» дейді Акутагава. Әлбетте, көшіріп жазғанда түзету, толықтыру, қысқарту болып тұрады. Бірақ туындының екінші редакциясын жазып, яғни толықтырам деп туындының шынайы әсерін солғындатып алуымыз да мүмкін. Демек «Қазіргі заманғы қазақ романы» конкурсының белгілеген мерзімі – артық та емес, кем де емес.
Әсілі, өнер кухнясында сыр, құпия деген болады. Бұл енді – әр қаламгердің өз құпиясы.
– Нұржан Қуантайұлы, сұқбатыңызға рақмет! Сізді «Қазіргі заманғы қазақ романы» конкурсының соңғы сатысына өткен қаламгерлер қатарынан көргенімізге қуаныштымыз. Әр қарай да табысқа жетуіңізге тілектеспіз.
Сұқбаттасқан Жанерке ҚАЗТАЙ,
«Қазіргі заманғы қазақ романы» әдеби бірлестігінің тілшісі.

