Қарағандыда Республика күніне орай өткен «Saryarqalab: Aqyl.Damu.Qadam» жастар форумы облыстағы белсенді жастарды, аймақ басшыларын, партия өкілдерін және сарапшыларды бір алаңға жинады. Негізгі әңгіме жасанды интеллект, цифрландыру, экология және Әділетті Қазақстанның цифрлық дәуірін қалыптастыру төңірегінде өрбіді. Осы форумның мазмұны мен нәтижесі туралы Ertenmedia.kz сайты тілшілері «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбековке форумнан кейін туындаған сұрақтарын қойды.
– Бекзат мырза, «Saryarqalab: Aqyl.Damu.Qadam» жастар форумының негізгі мақсаты қандай болды?
– Форумның басты мақсаты жастарды бір жерге жинап, жасанды интеллект, цифрландыру, экология және патриоттық тәрбие туралы ашық сөйлесуді жөн көрдік. Қарағанды облысы бойынша 600-ден астам жас келді, олардың арасында студенттер, колледж жастары, шағын қалалар мен аудандардың белсенділері бар.
Бағдарламада экскурсия, шеберлік сағаттары, тренингтер, сарапшылармен кездесулер болды. Яғни форум тек баяндамадан тұрмады, жастар өз қолымен технологияны көріп, сұрақ қойып, пікір алмасуға мүмкіндік алды. Республика күнімен байланыстыру арқылы біз жастарға: елдің ертеңі сендердің қолдарыңда, цифрлық дәуірде өз орындарыңды табыңдар деген ойды жеткізгіміз келді.
– Әділетті Қазақстанның цифрлық дәуірін қалыптастыру туралы көп айтылып жүр, осы форум сол идеяны өңір деңгейінде жүзеге асырудың қандай қадамдарын атап айта аласыз?
– Әділетті Қазақстан тек ұран ретінде айтылмауы керек. Цифрлық дәуірде әділет дегеніміз ашық дерек, қолжетімді сервис, парасыз қызмет, мүмкіндігі тең орта. Форумда біз жастармен бірге осы түсінікті талқыладық.
Мысалы, мемлекеттік қызметтердің онлайн форматқа көшуі, жер қатынастарында ашық карта қолдану, әлеуметтік төлемдер мен гранттарды цифрлық түрде беру өңірде әділетті орта құруға ықпал етеді. Жасанды интеллект шешім қабылдауда көмектескенімен, адамдық жауапкершілікті алмастырмайтынын да айттық.
Жастарды тек тұтынушы емес, осындай жүйелерді жасайтын маман болуға шақырдық. Әділетті цифрлық дәуірді қалыптастыру үшін заңға құрмет, ашықтық, кәсіби білім және жаңа технологияны түсіну қатар жүруі керек. Форум аясында осының бәрін нақты мысалмен көрсетіп, жастардың ой-пікірімен бөлістік.
Бүгінде біз партия жұмысының бір бөлігін тікелей цифрландырумен байланыстырып отырмыз. «Цифрлық қоғам» жобасы аясында тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыруға назар аударамыз. Электронды қолтаңба алу, eGov қызметін пайдалану, онлайн төлем жасау сияқты қарапайым қадамдардың өзі адамды бюрократиядан қорғайды.
«Кибер Тұмар» жобасы интернет қауіпсіздігіне арналған, бұл әсіресе жастар үшін маңызды. Әлеуметтік желіде, онлайн ойындарда, түрлі платформаларда қандай тәуекел бар, жеке деректерді қалай қорғау керек деген сұрақтарға нақты жауап береміз.
– Форумда жасанды интеллект саласындағы сарапшылар жастарға түрлі мысал келтірді, жалпы Қарағанды жастарының жасанды интеллект пен цифрлық технологияға қызығушылығын қалай бағалайсыз?
– Қызығушылық бар, бірақ оны жүйелі арнаға салу қажет. Сарапшылардың баяндамасынан кейін жастар тарапынан қойылған сұрақтар, пікірлер, өз тәжірибесімен бөліскендер аз болған жоқ. Бірі нейрожеліні оқу процесінде қолданып жүргенін айтты, бірі шағын бизнеске маркетингтік контент дайындауды автоматтандырғанын бөлісті.
Дегенмен, жасанды интеллектіні тек мәтін жазу немесе сурет салу құралы ретінде емес, өндірістегі, қызмет көрсетудегі, экологиядағы, медицинадағы нақты мәселелерді шешуге бағыттау керек деген ойды жиі қайталадық.
Қарағанды өндірістік аймақ, сондықтан еңбек өнімділігін арттыру, қауіпсіздікті күшейту, ресурсты үнемдеу бағытында жасанды интеллект қолдануға болады. Жастарға осы салаларда жобалар жасауға кеңес бердік. Қызығушылық бар болса, оны пайдалы жобаға айналдыруға жағдай да, алаң да бар.
– Президент Жолдауында 2029 жылға дейін кемінде 2,3 миллион жасты жұмыспен қамту міндеті қойылды, өңірдегі форум осындай ауқымды мақсатты орындауға қандай деңгейде ықпал ете алады деп ойлайсыз?
– Әрине, бір форум бүкіл ел бойынша 2,3 миллион жастың мәселесін шеше алмайды. Бірақ ол бағытты көрсетіп, мотивация беріп, нақты құралдармен таныстыру арқылы үлес қоса алады.
Жолдауда айтылған жұмыспен қамту міндетін орындау үшін кәсіби бағдар, дуалды білім беру, кәсіпкерлікке қолдау, өңірлік ІТ-хабтар құру сияқты бірқатар іс керек. Форум барысында біз жастарды сол мүмкіндіктермен таныстырдық.
Стартаптарға грант беру, жоба жазу дағдыларын үйрету, тәжірибелі ментормен жұмыс істеу жолдары талқыланды. Ең белсенді қатысушыларға қаржылай гранттар да берілді. Бұл Жолдаудағы мақсатқа өңір деңгейінде берілген нақты жауаптың бірі. Жастар жұмыс іздеп қана қоймай, өз ісін бастап, жұмыс берушіге айнала алатынын көрсету маңызды болды.
– Соңында, «AMANAT» партиясы тарапынан жастармен жұмысты жалғастыру, Әділетті Қазақстанның цифрлық дәуірін қалыптастыру үшін алдағы уақытта қандай қадамдар жоспарланып отыр?
– Алда осы форматтағы кездесулерді басқа қалаларда, аудандарда өткізу жоспары бар. Жастардың ұсыныстарын жинап, нақты жобаларға айналдыруға тырысамыз.
Партияның облыстық филиалы жанында ІТ, кәсіпкерлік, экология бағытында тұрақты жұмыс істейтін алаңдар құруды қарастырып отырмыз. «Жастар Рухы» қанаты арқылы волонтерлік, әлеуметтік жоба, стартап, ғылыми бастамаларды қолдауды күшейтеміз.
Әділетті Қазақстанның цифрлық дәуірін қалыптастыру ісі тек орталықтың емес, өңірдің де міндеті. Сол себепті Қарағанды жастарының ойын, әлеуетін, бастамасын қолдауға дайынбыз. Ең бастысы, әр жас өз орнын тауып, ел дамуына үлес қосуға ниетті болса, біз соған жол ашуға тырысамыз.
Сұхбаттасқан Ержан ҚАМАЛБЕКОВ

