Солтүстік Қазақстан облысында бюджет қаржысы мен мемлекеттік активтердің қалай жұмсалып жатқаны тексерілді. Жоғары аудиторлық палата жүргізген ревизия өңірдегі бірқатар кемшіліктерді анықтап берді, деп хабарлайды Ertenmedia.
Бір қарағанда өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері жақсы. Соңғы бес жылда облыстың жалпы өңірлік өнімі 69 пайызға өсіп, жұмыссыздық пен кедейлік деңгейі төмендеген. Тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп, 600 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілген.
Алайда аудиторлар бюджет қаржысы мен активтерді басқарудан жалпы сомасы 140 миллиард теңгенің кемшілігін тапты.
Ең алдымен, демографиялық ахуал қиын. Облыста табиғи өсім көрсеткіші төмендеп барады. Халықтың басқа өңірлерге көшуі әлі жалғасуда.
Білім беру саласында да түйткілдер жетерлік. Үш ауысымда оқитын және апатты жағдайдағы мектептер әлі бар. Кей мектептің спорт залы жоқ немесе пәндік кабинеттер жетіспейді. Медицина саласы да ауыр жағдайда. Ауруханалар мен емханалардың ғимараттары 74 пайызға тозған.
Облыста шағын және орта бизнес саны өскенімен, олардың экономикаға қосып отырған үлесі азайып кеткен. Бас аудитор Әлихан Смайылов әсіресе сауда саласындағы компаниялардың табысы 100 миллиард теңгеге бірден төмендеп кеткеніне назар аударды.
«Сауда саласынан түсетін салықтар азайғандықтан, жергілікті бюджеттің мүмкіндігі шектелді. Соның кесірінен әлеуметтік жобаларға қаржы тапшы. Бұ жағдай көлеңкелі экономиканың артқанын көрсетіп отыр. Мұнымен шұғыл түрде айналысу керек», – деді Смайылов СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовке қарата айтқан сөзінде.
Сондай-ақ облыстағы 40-қа жуық ауыл әлі күнге сапалы ауыз суға қол жеткізе алмай отыр.
Бюджет қаржысының жұмсалуында да басымдық дұрыс таңдалмаған. Мысалы, әкімдік ғимаратына жөндеу жұмысына 7 миллиард теңге жұмсалған, дәл осындай қаражат театрдың құрылысына кеткен.
«Осы ретте стратегиялық маңызы зор «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағына назар аударылмай қалған. Инженерлік инфрақұрылым жоқ болғандықтан, арнайы экономикалық аймақтың бірнеше нысаны уақытында іске қосылмай, инвесторлардың сенімі төмендеген», – деп атап өтті ревизорлар.
«Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының да жұмысы тиімсіз болып шыққан. Корпорация құрған бірлескен кәсіпорындар мемлекетке шамамен 1 миллиард теңге шығын әкелген.
Жалпы қаржылық заң бұзушылықтың көлемі 28,3 миллиард теңге. Ал тиімсіз жұмсалған қаражаттың сомасы 112 миллиард теңгеден асып отыр. Енді осы олқылыққа жол берген лауазымды тұлғалар жауапқа тартылмақ.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.

