Түркістанда «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында облыстық «Білімді жастар – ел ертеңі» атты құқықтық тәрбиелік көшбасшылар форумы өтті. Достық үйінде өткен шараны облыстық қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастырды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, қоғамдық жауапкершілігін күшейту, сондай-ақ көшбасшылық қабілеттерін дамыту мақсатында өткен шара барысында заң саласы, тәртіп, азаматтық міндет пен мемлекет алдындағы жауапкершілік жөнінде маңызды бағыт-бағдар берілді.
Форум аясында пленарлық сессия өтіп, еліміздің құқықтық жүйесі мен қоғамдық-саяси саласында еңбек етіп жүрген жетекші тұлғалар сөз сөйлеп, тәжірибелерімен бөлісті.
Пленарлық сессия барысында облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев жастардың қоғамдағы рөлі, ел болашағына қосар үлесі мен мемлекеттік саясаттағы жаңа басымдықтар жөнінде ой қозғап, облыста жастардың құқықтық мәселелерін шешуде, оларды қолдауда бірқатар шаралар жүйелі түрде жүргізіліп отырғанын жеткізді.

Ал Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев Экономикалық құқық бұзушылықтар, қаржылық қауіпсіздік, жастар арасында құқықтық мәдениетті нығайту және жастардың бұл бағыттағы жауапкершілігіне тоқталса, Түркістан облысы прокурорының орынбасары Дәулет Тлемисов заңның үстемдігі, құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында тұшымды ақпарат берді.
Сонымен қатар «Қазақстан КВН Одағы» РЖҚБ президенті Есентүгел Елеукен жастарға мотивациялық ой айтып, шығармашылық пен көшбасшылық қабілетті дамыту жөнінде кеңестерімен бөлісті. Ол табысқа жетудің басты тетігі – өзіңе сену, үнемі іздену және қоғамға пайда әкелетін іспен айналысу екенін атап өтті.
Форум қатысушылары сұрақ-жауап алаңында спикерлермен ашық диалог жүргізіп, көкейдегі сауалдарына жауап алды. Шара соңында белсенді қатысқан жастарға арнайы сертификаттар табысталды.

