Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан–Америка цитоматрицаны зерттеу орталығының салтанатты ашылуы өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жаңа орталықтың негізгі мақсаты жасуша ішіндегі цитоматрицаның құрылымы мен күрделі процестерін терең зерттеп, биомедициналық ғылымның дамуына үлес қосу. Орталық ғалымдары қатерлі ісік жасушаларының биологиясын зерттеп, инновациялық жобаларды бірлесіп жүзеге асырады. Сондай-ақ, биомедицина саласында біліктілігі жоғары мамандарды даярлауға мүмкіндік ашылады.
Салтанатты жиынға ҚазҰУ-дың Басқарма төрағасы – ректор Жансейіт Түймебаев, АҚШ-тағы Хьюстон университетінің профессоры, Peri-Nuc Labs LLP компаниясының бас директоры Таттым Шайкен, «ЭКОМЕД» клиникасының ғылыми директоры, профессор Салтанат Байқошқарова, Қазақ онкология және радиология ҒЗИ басқарма төрағасының орынбасары Гүлмира Жұрабекова, отандық ғылыми-зерттеу институттары мен жетекші клиникалардың мамандары қатысты.
Жиында сөз алған университет басшысы Жансейіт Түймебаев бұл орталықтың ашылуы – Қазақстан мен АҚШ арасындағы табысты ғылыми әріптестіктің айқын көрінісі екенін атап өтті.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ғылымның басты миссиясы – адамзат игілігіне қызмет ету. Мықты университеттер – келешектің фабрикасы» деп нақты міндет қойған болатын. Бүгінгі орталық осы мақсатқа қызмет ететін маңызды ғылыми нысанға айналады. 2024 жылы АҚШ пен Қазақстан арасында осы орталықты құру туралы келісім жасалды. Алдағы уақытта бұл жерде ірі ғылыми-инновациялық кластер құрылады», – деді ректор.
Профессор Таттым Шайкен өз кезегінде цитоматрицаның маңызы мен қатерлі ісік жасушаларын зерттеудің заманауи әдістері туралы ғылыми презентация жасады.
«Қазір әлем ғалымдары онкологиялық аурулардың алдын алу және емдеу бағытында ауқымды зерттеулер жүргізуде. Біз де жасуша ішіндегі процестерді зерттеу арқылы қатерлі ісікпен күресудің жаңа жолдарын ұсынамыз», – деді профессор.
Қазақ онкология және радиология ҒЗИ басқарма төрағасының орынбасары Гүлмира Жұрабекова жаңа орталықтың отандық онкология саласын дамытуға зор үлес қосатынына сенім білдірді.
Ал профессор Салтанат Байқошқарова орталықтың ашылуын халықаралық деңгейде мойындалған қазақ ғылымының табысы ретінде бағалады:
«Осындай ғылыми орталықтардың ашылуы еліміздің биомедициналық зерттеулер саласында жаңа мүмкіндіктерге жол ашады», – деді профессор.
Айта кетейік, ҚазҰУ студенттері де жаңа орталықта заманауи жабдықтармен жұмыс істеп, ғылыми тағылымдамадан өтетін болады.
Салтанатты шара соңында қонақтарға арнайы экскурсия ұйымдастырылып, университеттің ғылыми орталықтары мен зертханалары таныстырылды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







