Жоғары аудиторлық палата «Самұрық-Қазына» қоры мен оған қарасты компанияларды тексеріп, 122 млрд теңгеден астам қаржының тиімсіз жұмсалғанын анықтады. Одан бөлек жүзден аса жүйелі кемшілік табылған, деп хабарлайды Ertenmedia.
Былтыр қор компанияларының жалпы табысы 16,5 трлн теңгені құрап, таза пайдасы 2,4 трлн теңге болған. Оның 2,37 трлн теңгесі мемлекет бюджетіне аударылған.
Алайда тексеру кезінде бірқатар маңызды жобалар толық орындалмай қалғаны анықталды. Мысалы, 2018–2021 жылдарға арналған трансформация бағдарламасы көздеген межесіне жете алмаған.
«Бағдарлама аясында жоспарланған нәтиженің тек жартысы ғана орындалған. Күтілген қаржылық тиімділік 2 есе кем, небәрі 154,5 млрд теңгені құрады. Сонымен бірге директорлар кеңесі жанындағы бес комитеттің үшеуі жұмыс істемейді. Ал қор басқармасындағы жеті комитеттің екеуі 2024 жылдан бері қызметін мүлдем тоқтатқан», – делінген тексеру есебінде.
Бас аудитор Смайылов қордағы корпоративтік басқару сапасының өте төмен екенін атап өтті. Көптеген компанияларда стратегиялық көрсеткіштер әдейі төмендетілген, стратегияны орындауды бақылау дұрыс жүргізілмеген.
IT басқару жүйесі де толық жұмыс істемей тұр. Жоспарланған жеті платформаның тек төртеуі ғана іске қосылған. Бірқатар компаниялардың қаржылық есебі әлі күнге қолмен жүргізіледі. Ішкі нормативтік құжаттардың 15%-ы мүлдем пайдаланылмай, жарамсыз күйде тұр.
«Қордың құрылымы өте күрделі әрі тиімсіз. Қазір холдинг құрамына 6 деңгейден тұратын 326 компания кіріп отыр. 2020–2024 жылдары жұмыс істемей тұрған 23 заңды тұлға анықталды. Былтырғы жылды 41 компания шығынмен аяқтаған. Сондай-ақ жоспарланған 175 инвестициялық жобаның тек 49-ы ғана іске асқан. Бұл ма, бұл мониторингтің нашар екенін және үлкен қаржы ресурстарының босқа шашылып жатқанын көрсетеді», – дейді аудиторлар.
Аудит нәтижесінде жалпы 122,2 млрд теңгенің тиімсіз жұмсалғаны белгілі болды. Ал қаржылық заң бұзушылықтар көлемі 351,8 млн теңге. Бұдан бөлек, холдингтің жұмысынан 119 жүйелі кемшілік анықталған.
Тексеру материалының бір бөлігі құқық қорғау органдарына жіберілді. Басқа деректер бойынша әкімшілік іс қозғалмақ.
Айта кету керек, бұған дейін аудиторлық қызметтің ғылыми-зерттеу институты да «Самұрық-Қазынаның» есепті бұрмалағанын мәлімдеген еді. Институт сарапшылары қор компанияларының үштен бірінің қаржылық есебі шындыққа сай келмейтінін айтқан. Олар компаниялардың шығынын жасырғанын, активтер құнын манипуляция арқылы көтергенін және дивидендтерді бюджеттен алынған несие арқылы қайтарудың күмәнді схемаларын қолданғанын хабарлаған болатын.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
«Самұрық-Қазына» мемлекетке триллиондап пайда әкеліп отыр — қор төрағасы

