Бүгінде Қазақстан үшін газ мәселесі күн тәртібінен түспей тұр. 2023 жылдан бері ел нетто-импорттаушыға айналды, ал 2030 жылға қарай газ тапшылығы 10 млрд текше метрге дейін жетуі ықтимал. Ішкі сұраныстың артуы экономиканың өсіп жатқанының белгісі. Бірақ тауарлық газ өндіру көлемі осы өсімді де, экспорттық міндеттемелерді де толық жаппай отыр. Оның үстіне, газ өндіруші компаниялар ішкі баға төмен болғандықтан шығынға бататыны белгілі, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бүгінде газ тапшылығының негізгі үш себебін бар. Біріншісі, газ кен орындарындағы өндіру көлемінің төмендеуі. Екіншісі, мұнаймен бірге шығатын газдың жартысына жуығын жер астына қайта айдау, жылына шамамен 30 млрд текше метр газ осылайша айналымнан шығып қалуда. Үшіншісі, Кеңес кезеңінен қалған магистральдық газ құбырларының тозуы. Мысалы, Түрікменстаннан Ресейге дейін баратын «Орталық Азия – Орталық» газ құбырының бастапқы қуаты 90 млрд текше метр болса, қазір шамамен 45 млрд-қа дейін төмендеген. Құбырлар толық пайдаланылмай, күрделі жөндеуді күтіп тұр.
Қысқа мерзімде Ресейден келетін газ белгілі бір тапшылықты жауып тұр. Бірақ бұл ұзақ мерзімді шешім емес. «Сібір күші-2» газ құбыры іске қосылғанда Ресей үшін басты бағыт Қытай болуы мүмкін, ал Орталық Азия елдеріне келетін көлем қысқарады.
Өзбекстанның 2023 жылғы қысқы дағдарысы осы тәуелділіктің салдарын айқын көрсетті. Қазақстан да сол жылы аяз кезінде қосымша газ сатып алуға мәжбүр болғаны есімізде. Сондықтан Кіндік Азия елдері газ қауіпсіздігін бірлесіп шешуі дұрыс.
Осы тұста «Газ шеңбері» бастамасы алға шығады. Ос ыжоба аясында Орталық Азия елдері өңірдегі құбыр жүйелерін жаңартып, өзара қосып, қажет кезде бір ел екіншісіне тез көмек бере алатын жағдай қалыптастыру керек.
Мұндай жағдайда гидроэнергетикаға сүйенетін Қырғызстан мен Тәжікстан сенімді газ жеткізу арнасына ие болып, мол газ қоры Түрікменстан, Қазақстан, Өзбекстан экспорт мүмкіндігін кеңейтеді. Ішкі нарықты да, транзитті де бірге жоспарлау арқылы теңгерім табуға болады.
Әрине, мұндай жобаға сыртқы ойыншылардың көзқарасы да әсер етеді.
Қазір газ инфрақұрылымының бір бөлігіне Қытай, Ресей және «Газпром» тікелей ықпал етіп отыр. Сол себепті аймақ елдері «Газ шеңберін» қаржы тарту үшін Еуропалық одақ, АҚШ, Парсы шығанағы елдері сияқты басқа инвесторлармен де жұмыс істеуі мүмкін. Негізгі мақсат бір елге тәуелді болмай, маршрут пен қаржыландыруды барынша әртараптандырудың маңызы зор.
Алдын ала есепке сүйенсек, «Газ шеңберінің» ұзындығы 3-3,5 мың шақырымды құрауы мүмкін. Оның бәрін қайта салу міндетті емес, бірақ едәуір бөлігіне реконструкциялау қажет. Жалпы құны 4-5 млрд доллар шамасында бағаланып отыр. Соның 30-40 пайызы жаңа құбыр салуға, 60-70 пайызы қолданыстағы желілерді жаңартуға кетеді. Бұл қаражатқа құбырдың тозған бөлігін ауыстыру, компрессорлық станцияларды жөндеу, бақылау жүйелерін жаңарту кіреді.
«Газ шеңбері» ең алдымен Қазақстанға керек жоба. Өйткені ол газ тапшылығының алдын алуға, өңірлерді тұрақты жабдықтауға, солтүстік облыстарда жыл сайын қайталанатын тәуекелді азайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Қазақстанды Еуразиядағы транзит хабы ету стратегиясына да сай келеді. Құбырды жаңарту арқылы ел аумағынан өтетін газ көлемін арттырып, қосымша табыс табуға болады. Ол үшін қазірден бастап көрші елдермен көпжақты келіссөз бастап, жол картасын келісіп алу маңызды.
Жоба дұрыс іске асса, Орталық Азиядағы бес республика да ұтады. Ішкі нарық қорғалады, апатты жағдайдағы тәуекел азаяды, ал сыртқы нарыққа бірлесе шыққанда саудадағы позиция да мықты болады.

