Бас банкир Тимур Сүлейменов кейінгі уақытта доллар сұранысы артқанымен, теңгенің керісінше не себепті нығайып жатқанын түсіндіріп берді, деп жазады Ertenmedia.
Оның айтуынша, қазір валюта нарығында бір-біріне қарама-қайшы екі фактор қатар әрекет етуде.
Бірінші фактор доллар сұранысының күрт өсуі. Қазақстандық кәсіпкерлер алдағы қосымша құн салығының (ҚҚС) қымбаттауына дейін тауарларды жаппай сатып ала бастаған. Өйткені, қазір импорттаушылар ҚҚС-ты 12% төлесе, қаңтардан бастап ол 16%-ға өседі. Сондықтан бизнес өкілдері долларды белсенді түрде сатып алып жатыр.
«Импортшылар желтоқсанда кір жуғыш машина, телефон немесе басқа тауарды әкелсе, қосымша құн салығын 12% төлейді. Ал қаңтардан бастап ҚҚС мөлшерлемесі 16%-ға өседі. Сондықтан импорт қазір қарқынды жүріп жатыр. Мұндай жағдайда доллар бағамы көтерілуі керек еді, алайда ол керісінше төмендеуде үстінде», – дейді Сүлейменов.
Екінші фактор портфельдік инвестициялардың көбеюі. Биыл қазан айында Ұлттық банк базалық пайыздық мөлшерлемені 18%-ға көтерген еді. Әлгі шешім теңгемен көрсетілген қаржы құралдарын шетелдік инвесторлар үшін тартымды еткен.
«Шетелдік инвестор Қазақстанның мем.облигацияларын алу үшін долларға сатып алған теңгесін жұмсайды. Яғни, долларды теңгеге ауыстырады. Инвесторлар көптеп келген сайын, нарықтағы доллар көлемі артып, теңгенің нығаюына жағдай жасайды», – деп түсіндірді Ұлттық банк басшысы.
Сүлейменовтің мәліметінше, биыл Қазақстанға шамамен 3-4 млрд доллар көлемінде портфельдік инвестиция келген. Осы инвестициялық ағым ұлттық валютаның нығаюына тікелей әсер етіп отыр.
Ұлттық банк басшысы келесі жылы теңгенің күрт құнсыздану қаупі жоқ екенін де атап өтті. Оның сөзінше, ҚҚС-тың өсуі ішкі нарықтағы бағаға ғана ықпал етеді, бірақ валюталық бағамға әсер етпейді. Сыртқы экономикалық жағдай тұрақты болып қалмақ. Мұнай бағасы да биылғы деңгей барреліне шамамен 60 доллар көлемінде болжанып отыр.
«Валюта бағамының күрт құбылуын күтпейміз», – деді Тимур Сүлейменов.
Айта кетсек, әзірде ғана Ұлттық банк базалық мөлшерлемені өзгеріссіз, 18% деңгейінде қалдыру туралы шешім қабылдады.
Бұған дейін Бас банкир «Халықтың табысы аз. Кредит алуды тежей алмай жатырмыз», — деп ағынан жарылған еді. Толығырақ осы тұста.

