Қазақстандық банктер мемлекеттен алған қаржылық көмекті біртіндеп қайтарып жатыр, деп хабарлайды Ertenmedia.
Бас банкир Тимур Сүлейменов Астанада өткен баспасөз мәслихатында соңғы екі жылда мемлекетке 700 миллиард теңгеден астам қаржы кері төленгенін мәлімдеді.
Ұлттық банк басшысының айтуынша, бүгінгі күнге ірі қаржы институттарының басым бөлігі берешегін толық өтеп үлгерген.
Нақтырақ айтқанда:
- Halyk Bank кейінгі екі жыл ішінде мемлекетке 250 млрд теңге қайтарды.
- Bank RBK 230 млрд теңге көлеміндегі көмекті толық қайтарды.
- Нұрбанк шағын банк ретінде 4,5 млрд теңге төлеген.
- Alatau City Bank былтыр 100 млрд, ал биыл қосымша 50 млрд теңге өтеді.
- Банк ЦентрКредит (БЦК) 60 млрд теңгелік қарызын толық жапқан.
Сүлейменовтің айтуынша, қазіргі таңда Нұрбанк, Еуразиялық банк және Alatau City Bank қана мемлекет алдында әлі де қарызы бар банктер саналады.
Еске сала кетсек, 28 қарашада Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде өзгеріссіз қалдыру туралы шешім қабылдаған болатын. Биылғы жылға арналған соңғы шешім отандық және шетелдік сарапшылардың болжамымен толық сәйкес келген еді.
Бұған дейін депутат Базарбек банк секторына шүйлігіп, екінші деңгейлі банктерді жемқорлыққа жол беріп, мемлекеттің қаржысын мақсатсыз жұмсап, жауапкершіліктен жалтарып отыр деп айыптаған еді.
Банктер мен биліктің арасындағы «махаббат»: Базарбек ашқан Pandora жәшігі

