Қазақстан қор биржасында (KASE) доллар бағамы төмендеп, орташа бағамы 512,53 теңгені құрады, деп хабарлайды Ertenmedia.
Бір күндік сауда қорытындысы бойынша, АҚШ валютасы 4,25 теңгеге арзандады. Ал Ұлттық банктің 28 қарашадағы ресми бағамы – 516,86 теңге.
Қазіргі уақытта Алматы мен Астанадағы айырбастау орындарында доллар бағамы төмендегідей қалыптасқан:
Алматыда долларды орташа сатып алу бағамы – 511,35 теңге, ал сату – 514,36 теңге.
Астанада долларды сатып алу орташа есеппен – 510,38 теңге болса, сату бағамы – 517,38 теңге деңгейінде тұр.
Айта кетсек, 28 қарашада Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18 пайыз деңгейінде өзгеріссіз қалдырған болатын.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, теңгенің нығаюы ішкі нарықтағы жоғары белсенділік пен базалық мөлшерлеменің өсуіне байланысты Қазақстанға келген ірі портфельдік инвестициялармен тікелей байланысты.
«Шетелдік инвестор Қазақстанның мем.облигацияларын алу үшін долларға сатып алған теңгесін жұмсайды. Яғни, долларды теңгеге ауыстырады. Инвесторлар көптеп келген сайын, нарықтағы доллар көлемі артып, теңгенің нығаюына жағдай жасайды», – деп түсіндірген еді Ұлттық банк басшысы.
Сүлейменовтің мәліметінше, биыл Қазақстанға шамамен 3-4 млрд доллар көлемінде портфельдік инвестиция келген. Осы инвестициялық ағым ұлттық валютаның нығаюына тікелей әсер етіп отыр.

