Алматы облысы үшін биылғы жылдың негізгі экономикалық жаңалығының бірі бюджетке түскен түсімнің 1 трлн теңге шегінен асуы болды. Ресми дерекке қарағанда, 2025 жылдың қаңтар-қараша айларының қорытындысы бойынша салықтар мен басқа да міндетті төлемдер көлемі 1 триллион теңгеден асқан. Былтыр осы кезеңде 915,1 млрд теңге жиналып, бір жылда түсім 104,5 млрд теңгеге немесе шамамен 11,4 пайызға өскен. Салыстырмалы түрде қарасақ, өңірдің экономикасы да, салықтық база да соңғы жылдары біртіндеп кеңейіп келе жатыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Өсімнің негізгі бөлігі жергілікті бюджетке түсетін кірістерден түскен. 2025 жылдың он бір айында облыстың өз кірісі 566,8 млрд теңгеге жетті. Ал 2024 жылғы көрсеткіш 468,9 млрд теңге болғанын ескерсек, бір жылда 98 млрд теңге қосылып, өсім 20,9 пайызды құраған.
Бұл кәсіпкерлік белсенділіктің, жергілікті деңгейдегі салық түсімдерінің, мүлік пен жер салығы сияқты кірістердің артқанын көрсетеді. Ішкі резервті дұрыс пайдаланып, шағын және орта бизнеске жағдай жасалса, жергілікті бюджет осылай толыға түсетіні көрініп тұр.
Республикалық бюджетке түсетін қаржы да аз емес. 2025 жылы он бір айда республикалық бюджетке 452,8 млрд теңге жіберілген. Былтыр осы уақытта 446,2 млрд теңге түскен, өсім шамамен 6,6 млрд теңге немесе 1,5 пайыз. Жергілікті кірістердегі секіріс сияқты емес, бірақ тұрақты динамика бар. Бұл жерде негізгі рөлді ірі салық төлеушілер, ұлттық деңгейде жинақталатын салық түрлері мен трансферттер атқарады.
Соңғы төрт жылдық динамикаға қарасақ, өсімнің қай деңгейде жүргенін нақты көруге болады. 2021 жылы Алматы облысы бюджетіне 663,4 млрд теңге түскен, оның ішінде республикалық бюджетке 346,1 млрд, жергілікті бюджетке 317 млрд теңге шамасында болған.
2022 жылы жалпы түсім 780,1 млрд теңгеге жеткен, оның 384 млрд теңгесі республикалық, 396,1 млрд теңгесі жергілікті бюджетке түскен.
2023 жылы көрсеткіш 888,6 млрд теңгеге дейін өскен (республикалық – 488,3, жергілікті – 400,3 млрд теңге).
2024 жылы 997,6 млрд теңгеге жетіп, 1 трлнға бір қадам қалғанда тоқтаған (республикалық – 477,0, жергілікті – 520,5 млрд теңге).
Ал 2025 жылы нақты 1 трлн теңгеден асуы – осы бірнеше жылдың жинақталған нәтижесі.

Таза экономикалық тұрғыдан алғанда, мұндай өсім бір жағынан өндіріс көлемінің, сауда мен қызмет көрсету секторының кеңейгенін көрсетеді. Екінші жағынан инфляция факторы да бар. Бағалардың өсуі айналымдағы ақшаны көбейтіп, салық түсімін де белгілі деңгейде ұлғайтқан.
Дегенмен жергілікті кірістердің республикалық түсімнен жылдам өсуі өңірдің ішкі экономикалық белсенділігі артып жатқанын көрсетіп отыр. Кәсіпорындар саны, олардың айналымы, көрсетілетін қызмет түрлері көбейген сайын, бюджет те соған сай толығады.
Мұндай көрсеткішке жету үшін салық базасын кеңейту, көлеңкелі экономиканы қысқарту, бизнеске заңды алаңда жұмыс істеуге мүмкіндік беру сияқты шаралар қатар жүріп жатқаны айтылып жүр. Статистикада көрінетін 1 трлн теңгелік түсім соның бір көрінісі.
Ендігі маңызды сұрақ осы қаражаттың қалай жұмсалатыны. Инфрақұрылым, әлеуметтік нысандар, мектеп, жол, су, газ, цифрландыру сияқты бағыттарға нақты, ашық және тиімді жұмсалған сайын, салық төлейтін азамат пен кәсіпкер де өз еңбегінің қайда кетіп жатқанын көре бастайды. Алматы облысының бюджет түсімі рекордтық деңгейге жеткен кезеңде, өңірдің дамуы да сол қарқынға сай жалғасуы тиіс деген сұрақ күн тәртібінде тұра береді.

