Талғар ауданында жол қауіпсіздігіне қатысты кең көлемді «Қауіпсіз жол» профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Алматы облысының полиция қызметкерлері Департамент бастығының тапсырмасымен жолдағы тәртіпті күшейтіп, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған рейдтер ұйымдастыруда. Негізгі мақсат айқын, жүргізуші де, жаяу жүргінші де жол үстінде салғырттыққа жол бермеуді қамтамасыз еті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Іс-шара аясында Полиция департаментінің аппараты Талғар ауданына жауапты қызметкерлерді арнайы жіберген. Олар жергілікті полицейлердің жұмысын тексеріп қана қоймай, рейдтердің қалай ұйымдастырылып жатқанын да бақылап отыр.
Жүргізушілердің жылдамдықты сақтауына, балаларды арнайы автокреслоларда отырғызып тасымалдауына ерекше мән берілуде. Сонымен қатар қарсы жолаққа шығу, мас күйінде көлік жүргізу сияқты өрескел бұзушылықтар болса, бірден шара қолданылады деген ескерту жасалған.
Полицияның айтуынша, акция Алматы облысының барлық өңірінде жүріп жатыр. Демалыс күндері жақындаған сайын көлік қозғалысы да көбейеді, сондықтан бақылау күшейтілген режимге ауыстырылған.
Ресми мәлімет бойынша, тәулігіне елдің түрлі өңірлерінен Алматы қаласына 300 мыңнан астам автокөлік кіреді, сол машиналардың басым бөлігі Алматы облысы арқылы, оның ішінде Талғар ауданының жолдарын пайдаланады. Осындай ағын кезінде кішкентай қателіктің өзі үлкен оқиғаға айналуы мүмкін.
Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жолдағы қозғалыс тығыздығы жүргізушілерден ерекше сақтық талап ететінін айтады. Телефонға алаңдау, жылдамдықты сәл ғана арттыру, шаршаған күйде рульге отыру сияқты ұсақ көрінетін әрекеттердің салдары ауыр болатыны талай рет дәлелденген.
Сондықтан «Қауіпсіз жол» науқаны тек қағаз үшін жасалып жатқан шара емес, күнделікті әдетті түзетуге бағытталған жұмыс ретінде қарастырылып отыр.
Іс-шараның негізгі мақсаты түсінікті, жол-көлік оқиғаларының санын азайту, адам өмірін қорғау және жол мәдениетін күшейту. Полиция департаменті барлық жүргізушіні жол ережесін қатаң сақтауға, жүктемесі көп учаскелерде сабыр сақтауға, жаяу жүргіншіге де, қарсы бағыттағы көлікке де құрметпен қарауға шақырады. Талғар арқылы ағылған көлік легі азаймайды, бірақ тәртіп күшейсе, жолдағы қауіп те соған сай төмендейді деген үміт бар.

