Теңгенің нығаюы жалғасып, желтоқсанның алғашқы күндері доллар бағамы 500 теңгеден төмен түсті, деп хабарлайды Ertenmedia.
Ұлттық банктің хабарлауынша, қазан айынан бері теңге шамамен 9 пайызға нығайып, әзір доллар бағамы 499–500 теңге аралығында тұрақтады. Уалютаның күшеюіне сыртқы нарықтағы қолайлы жағдай мен елдегі үйлесімді экономикалық саясат себеп болып отыр.
Әлемдік нарықта мұнай бағасы тұрақты түрде барреліне 60 доллардан жоғары тұр.
АҚШ Федералдық резерв жүйесі базалық мөлшерлемені төмендету цикліне көшкен соң, доллардың жаһандық индексі 8,3 пайызға әлсіреген. Бұл дамушы елдердің валютасын қолдап, инвесторлардың Қазақстан секілді нарыққа қызығушылығын күшейткен.
Бас банкир Тимур Сүлейменовтың пікірінше, теңгенің нығаюында Үкімет пен қаржы реттеушілерінің инфляцияны төмендетуге бағытталған бірлескен саясаты маңызды рөл атқарған.
Қазір Үкімет, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу агенттігі бірлесіп, 2026–2028 жылдарға арналған бағдарламаны іске асыруда. Бағдарлама макроэкономикалық ортаны тұрақтандыру, бюджет шығындарын тиімді ету және азаматтардың нақты табысын өсіруге бағытталған.
Ұлттық банктің ұстамды, қатаң ақша-несие саясаты нарық сенімін арттырып, теңгелік құралдардың тартымдылығын күшейткен. Осы себептен елдегі мемлекеттік бағалы қағаздарға шетелдік инвесторлардың қаржы салуы күрт өскен.
Тек қазан-қараша айларында сыртқы инвесторлар 1,1 миллиард доллар салып, жалпы портфель рекордтық 3,6 миллиард долларға жетті. Жыл басынан бері осы көрсеткіш 1,5 миллиард долларға артқан.
Шетелдік инвесторлардың белсенді қатысуы Қазақстанға валютаның қосымша ағынын әкеліп, теңгенің күшеюіне тікелей ықпал етті. Мемлекеттік бағалы қағаздардың табыстылығы да біршама төмендеді. Мысалы, желтоқсанда 9 жылдық облигациялардың табыс мөлшерлемесі 16,1 пайыз болса, қазанда осы көрсеткіш 17,2 пайызға тең болған еді.
Ұлттық банк мемлекеттік қағаздар нарығын дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. Атап айтқанда, нарықтағы операциялардың ашықтығын қамтамасыз ету, табыс қисығын қалыптастыру және шетелдік инвесторлардың нарыққа қол жеткізуін жеңілдету қолға алынған.
Бас банк теңгенің нығаюы инфляцияның баяулауына оң әсер ететінін айтады. Өйткені Қазақстанда импорттық тауардың үлесі жоғары болғандықтан, валютаның тұрақтылығы сыртқы нарықтағы баға қысымын азайтады.
«Қазіргі жағдай елдегі экономикалық саясат сапасының артқанын және макроэкономикалық ахуалдың болжамды бола бастағанын көрсетеді. Мұны шетелдік инвесторлар оң бағалап, Қазақстанға қаржы құйып жатыр», – делінген Ұлттық банктің хабарламасында.
Реттеуші валюталық нарықты тұрақты бақылап отырғанын мәлімдеді. Әзірге спекуляциялық әрекеттер байқалмаған және араласуды қажет ететіндей ешбір қауіп жоқ. Бұған дейін 28 қарашада Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18 пайыз деңгейінде сақтап қалған еді. Осы шешімнен кейін елде доллар бағамы күрт төмендеді.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
Астанаға қол жайған Қарашөкеев: Жамбыл шенеуніктерінің шырт ұйқысы бұзылды

