Алматы облысында полиция қызметкерлері Қаңтар оқиғалары кезінде ұрланған қарудың бір бөлігін тауып, қылмыстық іс қозғады. Алматы облыстық Полиция департаментінің Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы мен облыстық прокуратураның сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасы бірлескен жедел топ құрып, Алматы қаласы аумағында жедел ақпаратты тексеру жұмыстарын жүргізген. Сол тексеріс кезінде Үлкен Алматы каналының үстіндегі көпір астында орналасқан бос бөлмеден жасырын қойма табылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қоймадан 12 калибрлі тегіс ұңғылы мылтық шыққан. Қару бірден тексеріліп, есептік база арқылы салыстырылғаннан кейін оның 2022 жылғы Алматыдағы Қаңтар оқиғалары кезінде қару-жарақ дүкенінен ұрланған қарулардың қатарында екені анықталды. Яғни бірнеше жыл өтсе де, ол мылтық заңсыз айналымда жүргені белгілі болып отыр.
Анықталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркелді. Қазір полиция мен прокуратура қызметкерлері қаруды жасыруға қатысы бар адамдарды анықтауға тырысып жатыр. Тергеушілер қаруды кім әкелгенін, қанша уақыт сақталғанын және оған байланысты басқа да құқыққа қарсы әрекеттер болған-болмағанын тексеруде.
Тергеу аясында қажетті сараптамалар тағайындалып, бейнебақылау, жедел ақпарат көздері және басқа да құралдар арқылы қосымша деректер жинау жалғасып жатыр. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, мұндай қарулардың көлеңкелі айналымда жүруі қауіпсіздікке тікелей қауіп төндіреді, сондықтан Қаңтар оқиғалары кезінде ұрланған әрбір қаруды іздеп табу жұмысы тоқтамайды.

