2026 жылғы қысқы Олимпиадаға шорт-тректен баратын Қазақстан ұлттық құрамасы белгілі болды. Олимпиада лицензиясын иеленген спортшылар тізімі биыл 9 қазан мен 30 қараша аралығында өткен шорт-тректен Әлемдік тур кезеңдерінің қорытындысы бойынша анықталды. Халықаралық рейтинг пен жалпы ұпай есептегенде, Қазақстан құрамасы шорт-тректен 9 олимпиадалық лицензия иеленді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ұлттық құрама бас бапкері Петр Гамидов пен бапкерлер штабының шешімімен 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарында ел намысын төрт спортшы қорғайды. Олар Денис Никиша, Абзал Әжіғалиев, Ольга Тихонова және Яна Хан.
Соңғы бірнеше маусымда тұрақты түрде әлем кубогы кезеңдеріне қатысып жүрген бұл спортшылар қазіргі таңда Қазақстан шорт-трек құрамасының негізгі өзегі саналады.
Лицензиялар қашықтықтар бойынша мынадай түрде бөлінгені хабарланды. Микст эстафетада 2000 метрге 1 лицензия берілді. Ерлер арасында 500 метрге – 2 лицензия, 1000 метрге – 1 лицензия бар. Әйелдер құрамында 500 метрге – 2, 1000 метрге – 1, 1500 метрге – 2 лицензия иеленінді.
Осылайша, қысқы ойындарда Қазақстан спринттік және орта қашықтықтарда да бақ сынай алады.
Шорт-тректен бөлек, мәнерлеп сырғанауда да Қазақстан спортшылары өз мүмкіндігін пайдаланды. Бұған дейін Михаил Шайдоров пен Софья Самоделкина әлем чемпионатында олимпиадалық нормативті орындап, екі лицензия жеңіп алған еді.
Осы лицензиялар шорт-тректегі 9 жолдамамен қосылғанда, қазіргі сәтте Қазақстан қоржынында 11 олимпиадалық лицензия бар. Олимпиадаға нақты қанша спортшы баратыны 2026 жылғы қаңтардың соңында толық белгілі болады, себебі кейбір квоталар қайта бөлінуі мүмкін.
XXV қысқы Олимпия ойындары 2026 жылғы 6-22 ақпан аралығында өтеді. Жарыстар Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында ұйымдастырылады. Ресми дерек бойынша, қысқы ойындарға 93 елден 3 500-ден астам спортшы қатысады деп жоспарланып отыр.
Қазақстан құрамасы да осы додада шорт-трек пен мәнерлеп сырғанаудан ел намысын қорғауға дайындықты жалғастырып жатыр. Бапкерлер штабының айтуынша, алдағы айларда спортшылардың басты міндеті – жарақатсыз маусым өткізіп, негізгі жарыстарға дайындықты жүйелі түрде жалғастыру.

