Алматы қаласында «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенді іс-қимыл» атты жыл сайынғы республикалық науқанның алғашқы акциясы өтті. Акцияның мақсат зорлық көрген, қорыққан, қысылған адам қайда барады, кімнен көмек сұрайды, алғашқы сәтте не істеуі керекекенін жан-жақты түсіндіру. Себебі тұрмыста да, студент өмірінде де қауіпті жағдай орын алатыны жасырын емес, деп жазады Ertenmedia.kz.
Акцияны Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты «Отбасын қолдау орталығы» КММ, Алматы әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия және қалалық полиция департаменті ұйымдастырды. Іс-шараға Нархоз университетінде өтіп, 100-ден астам адам жиналды. Басқосу форматы лекция түрінде ғана емес, ашық диалог ретінде ұйымдастырылған. Студенттер сұрақ қойып, кей жағдайда «осындай болса не істейміз?» деген қарапайым, бірақ өте маңызды нәрселерді талқылады.
Қатысушылар қатарында түрлі сала мамандары, құқық қорғау органдарының өкілдері болды. Күнделікті өмірде зорлықтың түрі көп: қысым көрсету, қорқыту, бақылау, ақшаға тәуелді ету, ұрып соғу, бопсалау. Мұның бәрі бірден басталмайды, көбіне «ұсақ белгі» болып көрінеді. Сол белгіге ерте мән берудің маңызы айтылды.
Кездесуде полиция қызметкерлері зорлық қаупі төнген жағдайда қолданылатын нақты қорғану тәсілдері мен әрекет ету тәртібін түсіндірді. Яғни «сабыр сақта» деген жалпылама сөзбен шектелмей, қандай жағдайда қайда хабарласу керек, қандай дерек маңызды, не айту қажет, қауіпсіз жерге қалай шығу керек деген сұрақтарға жауап берілді.
Психологтар, әлеуметтік қызметкерлер мен заңгерлер де кеңес беріп, сауатты қарым-қатынас орнату, алғашқы қауіп белгілерін байқау, ал қауіпті жағдайды жасырмай жеткізудің дұрыс екенін айтты. Көп адам дәл осы жерде қиналады: ұят көреді, қорқады, «өзім кінәлімін» деп ойлайды. Мамандардың айтуынша, үнсіз қалу мәселені жеңілдетпейді, керісінше күшейтіп жібереді.
Қатысушыларға тәулік бойы қолдау көрсететін қызметтер туралы ақпарат берілді. Мұндай мәліметтің құны жоғары, өйткені қиын сәт түнде де, демалыста да болуы мүмкін. Жастар кездесуге белсенді қатысып, осындай ашық әңгіме жеке қауіпсіздікке қатысты мәселені жақсырақ түсінуге көмектесетінін атап өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоғары оқу орындарындағы мұндай акциялар жастардың құқықтық сауатын көтеріп, өзара құрметке негізделген қауіпсіз қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Науқан 10 желтоқсанға дейін жалғасады. Алматыда кездесулер, тренингтер, диалогтар, акциялар мен көрмелерді қосқанда 20-дан астам іс-шара өткізу жоспарланған. Негізгі назар әйелдер мен балаларды қорғауға, сондай-ақ жастар арасында зорлықсыз мінез-құлық мәдениетін дамытуға бағытталады. Мұндай жұмыстардың мәні қарапайым, әр адам қауіп төнгенде жалғыз қалмайтынын, көмек сұраудың жолы бар екенін білуі керек. Қаладағы «16 күн» соны нақты түсіндіруге арналған.

