Air Astana әуе компаниясының Алматы – Бангкок бағыты бойынша ұшқан ұшағы техникалық себеппен Делиге шұғыл қонуға мәжбүр болды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
18 желтоқсан күні таңғы сағат 01:00-де Алматыдан ұшып шыққан KC931 рейсі жоспардан тыс Үндістан астанасының әуежайына қонған. Әуе компаниясының хабарлауынша, бортта 138 жолаушы болған. Ұшақ Дели әуежайына жергілікті уақыт бойынша 05:51-де аман-есен қонған. Жолаушыларға тамақ пен уақытша виза рәсімделді. Қазір оларды қонақүйге орналастыру мәселесі шешілуде. Компания қосымша ұшақ әзірлеп, рейсті жалғастыруға дайындық жүргізіп жатыр.
Айта кетерлігі, бұл Air Astana компаниясында соңғы күндерде тіркелген бірінші оқыс оқиға емес.
Бір күн бұрын Алматы – Астана бағыты бойынша ұшқан әуе кемесі салондағы түтінге байланысты төтенше жағдай белгісін берген болатын. Ұшақ экипажы жедел әрекет етіп, ұшақты қауіпсіз жерге қондырған. Бұл оқиғадан зардап шеккендер жоқ.
Сонымен қатар британдық BAE Systems корпорациясы Air Astana компаниясындағы үлесінің жартысын сатуға ниетті екені хабарланды. Қазіргі таңда британдық корпорацияға әуе компаниясы акцияларының 16,95%-ы тиесілі. Соның шамамен 8%-ы нарыққа шығарылуы мүмкін.

