Шымкентте Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының басшысы Батыр Мырзакелдиев ұсталды. Ол ірі көлемде пара алды деген күдікке ілінген, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Orda-ның атап өткеніндей құқық қорғау органдары әзірге ресми түсініктеме бермей отыр.
Аталған жайтқа байланысты Батыр Мырзакелдиевтің қорғаушылары өз ұстанымын білдірді. Адвокат Талғат Есімовтің айтуынша, Батыр Мырзакелдиев өзіне тағылған айыппен келіспейді және оқиғаны үшінші тұлғалар тарапынан жасалған арандату деп санайды.
«Ақпарат біржақты таралып кетпеуі үшін қорғаушы тараптан мәлімдеме жасауға мәжбүрміз. Батыр Мырзакелдиев өзіне тағылған айыпты мойындамайды. Бұл басқа қылмыстық істен жалтаруға тырысқан адамдардың ұйымдастырған арандатуы болуы мүмкін. Кез келген жағдайда пара алу фактісі болған емес. Барлық мән-жайды анықтайтынымызға сенімдіміз», – деді адвокат Талғат Есімов.
Қазіргі уақытта Батыр Мырзакелдиевтің нақты процессуалдық статусы белгісіз. Оның қандай іс бойынша күдікке алынғаны және қандай тергеу амалдары жүргізіліп жатқаны туралы ресми ақпарат берілмеді. Сонымен қатар, оған қатысты бұлтартпау шарасы туралы мәліметтер де жарияланған жоқ.
Ашық ақпарат көздерінде Батыр Мырзакелдиев туралы мәлімет аз. Оның бұған дейінгі қызмет жолы мен атқарған лауазымдары ресми түрде көрсетілмеген.
Бұған дейін Шымкент әкімі бұрынғы орынбасары Берденов туралы мифті сейілткен болатын.

