Белгілі заңгер Жангелді Сүлейманов жаңа Салық кодексін енгізуді тежей тұру қажет деп санайды. Оның айтуынша реформа асығыс-үсігіс қабылданып, бизнеске кесірін тигізуде, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Заңгер салық органдары реформаны жүзеге асыруға мүлде дайын емес деп пайымдайды.
«Реформа енді ғана басталса да, жүйе ақсап тұр. Салық органдарының ақпарат жүйесі істен шыққан, есеп қабылданбайды, деректер дұрыс өңделмейді. Алғашқы бірнеше күннің өзінде осыншама мәселе болса, кейінгі жағдайдың қалай өрбитіні айдан анық», – дейді Сүлейманов.
Ол Қаржымин желтоқсан айында бастаған «Халық бухгалтері» акциясын да ұнатпай отыр. Акция бойынша жеке кәсіпкерлер мен шағын бизнеске салық декларациясын толтыруға бұғылтырлар көмектесуі тиіс.
Заңгердің пікірінше, мемлекет өзінің негізгі міндетін кәсіпкерлер мен жеке тұлғалардың мойнына артып отыр.
«Егер салық органдары бұғылтырлардан көмек сұраса, демек олардың біліктілігі де, уақыты мен ресурсы да жеткіліксіз деген сөз. Салық төлеушілерге кеңес беріп, декларация толтыру тәртібін түсіндіру мемлекеттік органның тікелей міндеті. Жекеменшік бұғалтырлық фирмалар неліктен салық органдарының жұмысын тегін істеуі керек?», – деп мәлімдеді Сүлейманов.
Оның айтуынша, «Халық бухгалтері» акциясының басты кемшілігі бұғылтырлар жіберген қатеге салық төлеушінің өзі жауап береді. Есепшілер декларацияны қалай толтыру керектігін білгенімен, жаңа кодекстің заңнамалық қырын тек заңгерлер толық түсінеді дейді маман.
«Қазір жүйе де, салық органдары да дайын емес. Апыл-ғұпыл жасалған реформа салық төлеушілерге ғана емес, мемлекеттік органдарға да үлкен қауіп төндіріп тұр. Сондықтан жаңа Салық кодексін енгізуді тоқтатып, бұл мәселені қайта қарау қажет», – деп қорытындылады Сүлейманов.
Айта кетелік, бұған дейін Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин өзін «жаңа салық реформасының әкесі» деп атаған еді. Шендінің қымбатшылық болмайды деген болжамы орындалмай, жаңа жыл бастала саласымен барлық жерде баға күрт көтеріліп жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







