Экс-президенттің немере інісі, атышулы Қайрат Сатыбалдының тағы бір әйелі Асылжан Есенқызы отбасылық өміріндегі ауыр жағдайды жария етті деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Бәсе» арнасымен сұхбаттасқан Асылжан өзінің «тоқал» емесін, Сатыбалдының азаматтық некедегі әйелі болғанын жеткізіпті. Айтуынша, экс-елбасы олардың қарым-қатынасынан хабардар болған, отбасылық шараларда бірге көрген.
«Мен оған ақша үшін тұрмысқа шықпадым. Қайрат маған Франция, Түркия және басқа елдерден өте қымбат вилла сыйлағысы келді. Бірақ мен бас тарттым. Ортақ баламыздың дүниеге келуі де оның қалауы болатын. Мен бірнеше жыл бойы оны жақсы танып-білу үшін жүктіліктен сақтанып жүрдім», – дейді Асылжан.
Бірақ жүкті кезінде-ақ олардың арақатынасы бұзыла бастаған. Қайрат Сатыбалды әйеліне психологиялық қысым көрсетіп қана қоймай, оған бірнеше рет қол көтерген.
«Жүктілігімнің екінші жартысында ол мені аяусыз ұрып-соқты. Бірде ол менің ішімнен ұрды. Сол кезде ол басқа бір әйелмен араласып жүргенін кейін білдім. Тіпті ауруханаға түсіп, дәрігерлер маған инфекция жұқтырылғанын айтты», – дейді ол.
Осындай зорлық-зомбылық пен стресс салдарынан қызы Иманжан ауыр жағдайда дүниеге келген. Оған қойылған негізгі диагноздар: аутизм, СДВГ, дислексия, сөйлеудің дамуының кешігуі және эпилепсия.
Қараусыз қалған отбасы, ұмыт қалған бала
Асылжанның сөзінше, Қайрат Сатыбалды баласы дүниеге келген соң қызына алты ай ғана назар аударған, кейін мүлдем араласпай кеткен. 2021 жылы балаға нақты диагноз қойылғалы бері Сатыбалды ешбір ем-шараға араласпаған, оның денсаулығына байланысты мәселелерді елемеген. Тіпті сот орындаушыларымен бірігіп, табысын жасырып, алиментті азайту үшін түрлі амалға барған.
«Сатыбалды менің және баламның жалғыз баспанасын заңсыз тартып алуға әрекеттенді. Пәтерді сатуға менің рұқсатым алынбады, барлық құжаттар заңсыз рәсімделген. Мүлікті мемлекеттік органдарға беріп, түрмеден мерзімінен ерте шығу үшін пара ретінде пайдаланғанына сенімдімін», – дейді ол.
Оның сөзінше, қазіргі таңда ол ерекше бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана ретінде өте ауыр жағдайда қалған. Жұмыс істей алмайды, өйткені баласына тәулік бойы күтім керек. Осы уақытқа дейін оларға отбасының жақын досы Андрей Лобачевский қаржылай көмек көрсеткен, алайда Асылжан құқықтарын қорғау үшін белсенді күрес бастаған соң, бұл көмек те тоқтаған. Соның салдарынан ерекше қажеттіліктері бар бала бірнеше күн бойы аш қалған күндер болған.
Тоқаевқа жолданған үндеу
«Мен полицияға, прокуратураға, сотқа шағымдандым. Бірақ ешкім құлақ асқан жоқ. Керісінше, менің өзімді қорқытып, соңымнан бақылау орнатып, маған қарсы жасанды істер қозғап, қысым көрсетті. Балам екеуміз әлі күнге дейін моральдық және әлеуметтік тұрғыда өте ауыр күйдеміз», – дейді Асылжан.
Ол билікке, оның ішінде президент Тоқаевқа, Назарбаевтың жақындарына үндеу жасап, ерекше бала өсіріп отырған аналардың құқығын қорғайтын арнайы заң қабылдауды талап етті.
Сонымен қатар, ол Қайрат Сатыбалдыны осы әрекеттері үшін жауапқа тартуды сұрап отыр.
«Мен бұған төзімділікпен қарауға тырыстым, ешқандай атақ-даңқ немесе байлықты көздемеймін. Бірақ әділетсіздікке үнсіз қарап отыра алмаймын. Баламның болашағы үшін аяғына дейін барамын», – деп сөзін қорытты Асылжан Есенқызы.
Айта кетелік, бұған дейін ҚТЖ-ның бұрынғы президенті Ерлан Атамқұлов Қайрат Сатыбалды туралы даулы мәліметті жария еткен болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

