Алматыдағы ең ірі сауда нүктелерінің бірі саналатын «Байсат» сауда орталығындағы мемлекеттің үлесі саудаға шығарылмақ, деп жазады Ertenmedia.kz.
Аталған актив бұған дейін бұрынғы президенттің немере інісі Қайрат Сатыбалдының иелігінде болған. Қайтарылған активтерді басқару жөніндегі компанияның мәліметіне қарағанда, аукцион 2025 жылғы 18 қарашада E-Qazyna электронды сауда алаңында өтуі тиіс.
Сауданың бастапқы бағасы 28,6 млрд теңге болып белгіленген. Ашық форматта өтетін аукционға онлайн порталға тіркелген кез келген қатысушы қатыса алады. Яғни, сауда рәсімі электронды алаң арқылы ұйымдастырылып, оған нарық ойыншылары еркін қосылуға мүмкіндік алады.
Нысанды сату мемлекет меншігіне қайтарылған активтерді ел игілігіне бағыттау тетігі аясында жүзеге асырылып отыр. Саудадан түсетін қаражат толық көлемде Арнайы мемлекеттік қорға жіберіледі. Кейін ол қаржы әлеуметтік жобаға жұмсалмақ.
Ertenmedia.kz бұған дейін Қайрат Сатыбалдыдан тәркіленген, құны жарты миллиард теңгеге жуық зергерлік бұйымның да саудаға шығарылғанын жазған еді.
2024 жылы Бас прокуратура экс-президенттің немере інісімен жасалған процестік келісім нәтижесінде мемлекетке жалпы сомасы 783 млрд теңгенің активі қайтарылғанын мәлімдеген. Сол тізімге элиталы көлік, жылжымайтын мүлік, бизнес орталығы, сирек сағат пен бағалы монета кірген.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

