Биыл Қазақстан экономикасының жүріс-тұрысы ауырлап, қазақтардың нақты табысы төмендей бастайды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Танымал экономист Айдархан Құсайынов экономикалық ахуалға қатысты осындай көңіл көншітпейтін болжам жасап отыр. Forbes-пен сауалдасқан сарапшының пікірінше, биылғы жылы халықтың нақты табысы бұрын-соңды болмаған деңгейге құлдырайды.
«Қазірдің өзінде шықпа жаным шықпа деп отырмыз. Биылғы жыл да бұрынғы рекордтарды жаңартып, халықтың нақты табысын құлдырататын түрі бар», – дейді экономист. Оның сөзінше, азаматтардың кірісі азайған сайын тұтыну нарығында да өзгеріс байқалып жатыр. Қымбат тауардан арзан өнімге көшкен қазақтардың күнделікті әдеті өзгере бастаған.
«Өмір сапасы құлдыраған соң, амал жоқ, арзан-құрзан тауар іздейміз. Жуырда Алматыдағы АДК сауда үйіне барғанда 90-жылдары сұранысқа ие болған Rama маргаринін көзім шалып қалды. Сол тұстағы жұрт май орнына маргарин жейтін. Демек арзан өнімге деген сұраныс қайта оралып жатыр. Бұл ма, бұл тек бастамасы ғана», – дейді сарапшы.
Құсайынов қазіргі жағдайды 2008 жылғы дағдарыспен салыстырған екен. Бірақ бір кілтипан бар…
«2008 жылы сіз бен біз өмір сапасының күрт нашарлағанына куә болдық. Ал бүгінгі құлдырау бір мезетте емес, бірнеше жылы бойы жалғасып келеді», – дейді ол. Экономистің пікірінше, елдегі күнкөріс деңгейі, тұрмыс сапасы соңғы төрт жыл бойы төменге қарай құлдырауда, бұл үрдіс алдағы уақытта да байыздамайды.
90-шы жылдардың көлеңкесі көріне ме?
«90-шы жылдар? Сол тұстағы тоқырау қайта келеді деген ойдан аулақ болайық. Ол кезде свет жоқ, дүкен сөрелері бос жататын еді. Қазіргі жағдай ондай емес. Дегенмен, дағдарыс бір сәтте бүткіл дүниенің қирап қалуы емес. Біз біртіндеп, жылдан-жылға жұтап жатырмыз. Бектенов? Үкімет ауруды емдеудің орнына экономиканы ақшамен көміп жатыр. Ахуал нашар, бірақ оны көрмеуге тырысамыз», – дейді Құсайынов.
Оның пайымдауынша, ел экономикасы 2020 жылдан бері кібіртіктеп, дағдарыс жағдайында өмір сүріп келеді. «Шын мәнінде біз бұған (кризиске) 2020 жылы тап болдық. Абырой болғанда COVID бірталай дүниені бүркемелеп жіберді. Дағдарыс емес, COVID-тің кесірі дедік те, бюджеттен мол ақшаны төге салдық. Осы үрдіс әлі жалғасып жатыр», – дейді ол.
Экономист еңбек нарығының да қысымға түсіп жатқанын алға тартты. «Екі жылдан бері мұғалімдердің жалақысы нақты есеппен төмендеп жатыр. Биылғы жыл қорытындысында елдегі нақты жалақы мен табыс шамамен 15%-ға төмендейді», – дейді Айдархан Құсайынов.
Оның пікірінше, еңбек нарығында Үкімет мойындағысы келмейтін жаңа ақиқат, жаңа ахуал қалыптасуда.
«Қазақтар жаңа жағдайға бейімделуге мәжбүр болады. Қазіргі істеп жүрген жұмысынан қысқарып қалатындар көбейеді, мамандық ауыстыруға тура келеді. Алдағы уақытта таксист, курьер болып жұмыс істейтіндердің саны күрт артпақ. Жұмыс па, жұмыс табылады ғой, бірақ табысы мен комфорты көңіл көншіте ме мәселе осында», – дейді экономист.
Айта кетелік, бұған дейін Құсайыновтың әріптесі Алмас Шөкин дәл осыған ұқсас болжам жасаған еді. «Алдағы желтоқсан, қаңтар мен ақпан айы өте-мөте күрделі болады. Қазақстан бірнеше үлкен қысымның астында қалады», – деген болатын сарапшы.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

