Алматыдан Қызылордаға ұшқан Air Astana әуе компаниясының ұшағы техникалық ақау туралы белгі беріп, әуежайға қайта қонуға мәжбүр болды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Компанияның баспасөз қызметінің мәліметінше, Алматыдан Қызылордаға бағыт алған Airbus A320 ұшағының бортында ақауды білдіретін сигнал іске қосылған. Экипаж Қызылорда әуежайында қажетті техникалық мамандардың жоқтығын ескеріп, Алматыға қайту туралы шешім қабылдаған.
Ұшақты Air Astana инженерлік қызметі толық тексеруден өткізді, алайда ешқандай ақау анықталмады. Техникалық бақылаудан кейін әуе кемесі қайтадан ұшуға рұқсат алды.
Дегенмен Алматыдағы қолайсыз ауа райы мен Airbus NEO лайнерлерін пайдалануға қойылған шектеулерге байланысты, компания рейсті FlyArystan ұшағымен орындауға мәжбүр болды. Жолаушылар Қызылордаға жергілікті уақытпен 02:34-те ұшты. Нәтижесінде, рейс 12 сағат 24 минутқа кешіктірілді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Air Astana-ның Фукуокадан Алматыға бағыт алған ұшағы борттағы барлық әжетхананың істен шығуына байланысты Вьетнам әуежайына шұғыл қонған болатын. Бұл рейс келесі күнге ауыстырылған еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

