Депутат Айдос Сарым Каспий құбыр консорциумына (КТК) кезекті рет шабуыл жасаған Киевтің дрондарына қатысты пікір білдіріп, Кремль мен Батысты белсенді әрекет етуге шақырды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Оның пікірінше, консорциумдағы ірі акционерлердің бірі Ресей осы мәселеде жауапкершілікті өз мойнына алып, қауіпсіздікті күшейту шараларын белсендірек жүргізгені жөн.
Сондай-ақ депутат Chevron секілді батыстық алпауыттардың да КТК құрамында екенін еске салып, Қазақстанның стратегиялық әріптесі саналатын АҚШ Украинаға ықпал ете алатынын жеткізді.
«Украина Уашиңтонның қолдауына тікелей тәуелді. Демек, Әмерика мен өзге де серіктестеріміз Киевке өз ықпалын жүргізіп, нысананы дұрыс таңдауды талап еткені маңызды», – деді Сарым мәжіліс кулуарында.
Депутаттың ойынша, халықаралық қауымдастық пен акционерлердің Украинаға бірлесіп ықпал етуі КТК-ның тәуекелін азайтып, Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін сақтауға септігін тигізбек.
Бұған дейін Астана полициясы Каспий құбыр желісіне жасалған шабуылды жақтап пікір жазған қауымға қатысты тергеу амалын бастаған болатын. Бұған депутат Айдос Сарымның Бас прокуратураға жолдаған сауалы себеп болған.
Ал Қара теңіздегі қақтығыс қазақ мұнайың күретамырын қысып тұрғанын біз осыған дейін де жазғанбыз.
Киевтің шабуылына ашық наразылық білдірген Қазақстан Сыртқы істері Украинадан мұндай әрекетті дереу доғаруды талап еткен. Украин тарапы Астананы «мәскеушіл» ұстанымы үшін сынап, шабуылдың жанама салдарына дайын болуы керектігін ескерткен еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

