Қазақтың CPC Blend маркалы мұнай экспортының күрт қысқаруы салдарынан Еуропада мұнайдың бағасы шарықтап барады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Bloomberg агенттігінің мәліметінше, трейдерлер Каспий құбыр консорциумының (КТК) тұрақсыз жұмысына байланысты CPC Blend тасымалынан бас тартып, орнына басқа маркаларды таңдай бастаған. Нарықтағы тапшылықты Ливия мен Солтүстік теңіздегі іркілістер де күшейтіп тұр.
«Қазір Еуропада мұнайдың нақты сорттары әдеттегіден қымбат сатылып жатыр. Мәселен, Brent бағасына әсер ететін WTI Midland сорты 13 қаңтарда негізгі бағадан 2 доллар 90 центке жоғары саудаланды. Мұндай баға нарықта соңғы бір жылда тіркелмеген. Azeri Light маркасы да соңғы бір жыл ішіндегі ең жоғары көрсеткішке жетті. CPC Blend тапшылығынан кейін тұтынушылар осы сорттарды көбірек сатып ала бастады», – дейді агенттік.
Мұнайдың жеңіл әрі сапалы түрлеріне (күкірті төмен) сұраныс артқанымен, нарықта ауыр сорттар, әсіресе Венесуэла мұнайы, артық мөлшерде қалып отыр. Бұл жағдай аймақтар арасындағы баға айырмасын тереңдете түскен: Еуропада тапшылық байқалса, Азия елдері арзандатылған мұнайды молынан сатып алып жатыр.
Bloomberg ақпаратына сүйенсек, қаңтар айында Қазақстан мұнайы экспортының көлемі екі есеге жуық қысқарып, тәулігіне 900 мың баррельге дейін төмендеген. Негізгі себеп Қара теңіздегі ауа райының қолайсыздығы, КТК терминалының ұзаққа созылған жөндеуі және дрон шабуылдарының салдары.
Аса қатты соққы 29 қарашада жасалған дрон шабуылынан кейін КТК-ның екінші айлақ құрылғысы (ВПУ-2) істен шыққан болатын. Мұндай шабуылдар өткен жылдың қыркүйек, қараша және ақпан айында да қайталанды. Сондай-ақ «Лукойлдың» платформаларына жасалған шабуылдан кейін Ресейдің Каспий арқылы мұнай тасымалы тәулігіне 150 мың баррельге дейін азайған.
Нарық қатысушылары Қазақстан мұнайының ақпан айынан бастап қалпына келуін күтіп отыр. Bloomberg болжамынша, келесі айда CPC Blend экспорты тәулігіне 1,5 млн баррельге жетуі мүмкін. Бұл бұрынғы қалыпты деңгейге жақын көрсеткіш болмақ.
Бұған дейін депутат Айдос Сарым АҚШ пен Батыс елдеріне үн қатып, Зеленскийге ықпал етуді сұраған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

