Сәуір айынан бастап банктер жеке шоттарға келіп түсетін мобильді аударымдар туралы мәліметтерді салық органдарына жібере бастайды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Енді кімнің шотына көп адамнан тұрақты түрде қомақты ақша түсіп тұрса, оны салықшылар бақылауына алады.
Tengrinews-ке пікір білдірген Мемкірістер комитетінің мәліметінше, банктер салық органдарына алғашқы деректерді биылғы жылдың бірінші тоқсаны бойынша 15 сәуірге дейін тапсырады.
«Жеке шотқа үш ай қатарынан кемі 100 адамнан немесе одан көп адамнан аударым түссе, әрі осы үш айдағы жалпы сома 1 миллион теңгеден асса, банктер бұл туралы бірден салық органдарына хабарлайды», – дейді Мемлекеттік кірістер комитетінің басқарма басшысы Ерқанат Шыңберген.
Оның айтуынша, шот иесі қаржының жеке мақсатына жұмсалғанын дәлелдей алса, оған ешқандай шара қолданылмайды.
«Біз бірден шара қабылдамаймыз. Алдымен барлық ақпаратты тексереміз: азамат жеке кәсіпкер ретінде тіркелген бе, салық төлемдерін уақытылы және толық төлеген бе деген мәселелерді қараймыз. Осыдан кейін ғана камералдық бақылау нәтижесі бойынша хабарлама жіберіледі. Шот иесі сол хабарламаға жауап ретінде аударымдардың кәсіпкерлікке қатысы жоғын дәлелдеп бере алады», – дейді Ерқанат Шынберген.
Ал егер…
Мобильді аударымдар шын мәнінде кәсіпкерлік қызметтен түсіп жатқаны расталса, азамат қосымша есеп тапсыруы тиіс. Бұған дейін жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген болса, міндетті түрде кәсіпкер ретінде есепке тұруға тура келеді.
Комитет өкілінің сөзінше, көрсетілген критерийлерге сай келу адамның банк шоттарын бұғаттауға негіз бола алмайды. Шоттар тек камералдық бақылау бойынша берілген хабарламаны азамат елемеген жағдайда ғана бұғатталуы мүмкін. Оның өзінде бұғаттау шарасы салық заңнамасында бекітілген тәртіппен жүзеге асырылады.
Еске сала кетейік, жеке тұлғалардың шоттары келесі жағдайда ғана тексерілуі мүмкін:
- үш ай қатарынан 100 немесе одан көп адамнан ақша түссе;
- үш айдағы жалпы сома 12 ең төменгі жалақы мөлшерінен (1 020 000 теңге) асып кетсе;
- жоғарыдағы екі шарт қатар орындалса ғана салық органдары тексереді.
Айта кетелік, осының алдында Қаржымин Мәди Тәкиев жаңа Салық кодексі салдарынан кәсіпкерлер жаппай шетелге кетеді деген әңгімеге ашуланып жауап қатқан еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







