Қазақстанда жекеменшік мектептердің жұмысына жаңа әрі қатаң талаптар қойылады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Алматыда білім беру саласының өкілдерімен кездескен Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова жеке мектептердің ашылуы мен жұмыс істеу тәртібіне қатысты ережелердің айтарлықтай өзгеретінін мәлімдеді.
Енді жеке мектептер бей-берекет емес, тек шынайы қажеттілікке қарай ашылады. Мысалы, үш ауысыммен оқытатын мектептерді алмастыру, апатты ғимараттарды жабу немесе мектеп тапшылығы бар өңірлерде ғана лицензия берілмек.
Сонымен қатар, жеке мектеп құрылтайшыларының жауапкершілігі күшейтіледі. Білім сапасы, мұғалімдердің біліктілігі және балалардың қауіпсіздігі үшін енді мектеп иелері тікелей әрі жеке жауап береді.
Тағы бір маңызды өзгеріс мектеп директорларын тағайындау тәртібіне қатысты. Бұған дейін мектеп басшысын жеке мектептің иесі өзі тағайындайтын болса, енді бұл процесс міндетті түрде Білім министрлігі және жергілікті әкімдіктермен келісілетін болады.
Қазір елде 890 лицензияланған жеке мектеп жұмыс істеп тұр, олардың 785-інің құжаттары толық цифрланған. Министрлік бұдан былай жаңа жеке мектептерге мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруға мораторий енгізу мәселесін де қарастырып жатыр.
«Мақсатымыз жеке мектептердің санын азайту емес, білім беру саласындағы ретсіздікке жол бермей, жүйені барынша ашық, сапалы әрі балалар үшін қауіпсіз ету», – деді министр Жұлдыз Сүлейменова.
Айта кетелік, бұған дейін депутат Смирнов министрге үн қатып, колледждерді деңгейіне қарай бөлуді туралы идеяны сынаған болатын. «Соның кесірінен төменгі лига түлектерінің дипломына деген сенім азайып, олардың сапалы жұмысқа орналасуына кедергі жасалады», – деген еді депутат.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

