Қазақстан диқандары биыл 24 миллион тоннадан астам астық жинап, кейінгі 15 жылдағы ең жоғары көрсеткіштердің біріне қол жеткізді. Ауыл шаруашылығындағы мұндай нәтижеге сапалы тұқым, минералды тыңайтқыш, заманауи техника және ғылыми тәсілдерді кеңінен қолдану ықпал еткен. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстары департаментінің басқарма басшысы Әділхан Еркеновпен астық өндірісінің тиімділігі, жер құнарын сақтау, мемлекеттік қолдау жайында біздің тілшімізге әңгімелеп берді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
– Әділхан мырза, Қазақстан биыл 24 миллион тоннадан астам астық жинап, соңғы жылдардағы жоғары көрсеткіштердің бірін тіркеді. Мұндай нәтижеге қол жеткізуге қандай факторлар әсер етті?
– Биылғы астық түсімі аграрлық салада жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстың нәтижесін көрсетеді. Әрине, өнім көлеміне ауа райының қолайлы болуы да әсер етеді, бірақ негізгі мәселе агротехнологияны дұрыс қолдануда жатыр. Соңғы жылдары шаруашылықтар сапалы тұқымға, тыңайтқышқа және техника жаңартуға көбірек көңіл бөле бастады.
Мысалы, Ақмола облысында 6 миллион тоннадан астам астық бастырылды. Бурабай ауданында гектарына орта есеппен 26 центнерден өнім алынуы шаруалардың мүмкіндігі артып келе жатқанын көрсетеді. Мұнда ғылыми мекемелермен байланыс орнатқан шаруашылықтардың тәжірибесі ерекше назар аударуға тұрарлық.
Диқандар Бараев атындағы ғылыми институтпен және «Әлем Агрохолдингпен» бірлесіп жұмыс жүргізеді. Олар топырақ ерекшелігін, тұқым сапасын және егін өсіру технологиясын мамандардың кеңесімен үйлестіреді. Соның нәтижесінде бидаймен қатар, рапс сияқты дақылдардан да жақсы өнім алып отыр. Біздіңше, мұндай тәжірибе басқа өңірлерге де таралуы керек. Өйткені ауыл шаруашылығының болашағы жер көлемін ұлғайтуға емес, қолда бар алқаптың өнімділігін арттыруға байланысты.
– Биыл егістікке 2,2 миллион тонна минералды тыңайтқыш енгізіліп, элиталық тұқым үлесі 11,6 пайызға жеткенінен хабардармыз. Осы шаралар жердің құнарын сақтауға және астық сапасын арттыруға қаншалықты ықпал етуде?
– Жердің құнарлылығы ауыл шаруашылығының ұзақ мерзімді дамуын анықтайтын негізгі көрсеткіштің бірі. Егер топырақтың қоректік заттарын толықтырмай, жыл сайын өнім ала берсек, уақыт өте оның табиғи мүмкіндігі төмендейді. Сондықтан минералды тыңайтқышты ғылыми негізде қолдану өте маңызды.
«Биыл ел бойынша 2,2 миллион тонна тыңайтқыш енгізілді, ал өткен жылы бұл көрсеткіш 1,8 миллион тонна болған. Мұндай өсім шаруалардың жерді күтіп-баптауға көбірек назар аударып жатқанын көрсетеді. Дегенмен тыңайтқышты көп қолдану өздігінен жоғары өнімге кепілдік бермейді. Әр алқаптың топырақ құрамын зерттеп, қажетті қоректік элементтерді анықтау керек», – деді Әділхан Еркенов.
Сонымен қатар ауыспалы егіс жүйесін сақтау, ылғалды тиімді пайдалану және жердің эрозияға ұшырауына жол бермеу қажет. Сапалы тұқымның да рөлі ерекше, өйткені оның өнімділігі мен ауруларға төзімділігі егіннің нәтижесіне тікелей әсер етеді. Қазір элиталық тұқым үлесінің 11,6 пайызға жетуі осы бағыттағы жұмыстың ілгерілегенін көрсетеді.
Елімізде жиналған жұмсақ бидайдың 70 пайыздан астамы үшінші класқа жатқызылуы сапа тұрғысынан да маңызды нәтиже. Сондықтан жер ресурстарын тиімді басқару, ғылыми агротехника және тұқым шаруашылығын дамыту біртұтас жүйе ретінде қарастырылуы тиіс.
– Биылғы ораққа 130 мың трактор мен 29 мың комбайн қатысқаны хабарланды. Техниканы жаңарту мен жеңілдетілген лизинг бағдарламалары шаруалардың өндірістік мүмкіндігін қалай өзгертеді?
– Ауыл шаруашылығында техника мәселесі өнімнің өзіндік құнына тікелей әсер етеді. Егер шаруа егінді уақытында егіп, белгіленген мерзімде жинап үлгермесе, бүкіл маусымдағы еңбегінің нәтижесі төмендеуі мүмкін. Сондықтан заманауи трактор мен комбайнның болуы өндірістің тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
Биыл егін жинау науқанына 130 мың трактор және 29 мың астық жинайтын комбайн қатысты. Алайда техниканың жалпы саны ғана емес, оның өнімділігі мен техникалық жағдайы да маңызды. Ескі машиналар жанар-жағармайды көп жұмсап, жөндеуге қосымша шығын талап етеді. Осы мәселені шешу үшін мемлекет жеңілдетілген лизинг тетіктерін ұсынып отыр. «ҚазАгроҚаржы» бағдарламасы аясында техника құнының 30 пайызы субсидия есебінен өтеліп, қалған бөлігі лизинг арқылы қаржыландырылады.
Сонымен қатар жылдық 5 пайыздық мөлшерлемемен қаржыландыру мүмкіндігі қарастырылған. Мұндай қолдау шаруашылықтардың жаңа техника сатып алуына жол ашады. Әсіресе шағын және орта шаруалар үшін техниканы қолжетімді ету маңызды. Болашақта ортақ техника пайдаланатын сервистік орталықтарды дамыту да өндірістік шығынды азайтуға көмектеседі.
– Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімі бүгінде әлемнің 72 еліне экспортталады. Алдағы уақытта астық өндірісін дамытудың негізгі бағыты өнім көлемін арттыру бола ма, әлде әр гектардан түсетін табысты көбейтуге басымдық беріле ме?
– Қазіргі кезеңде ауыл шаруашылығының тиімділігін тек жиналған астық көлемімен бағалау жеткіліксіз. Әр гектарға қанша қаржы жұмсалғанын және одан қанша таза табыс түскенін есептеу маңызды. Мысалы, екі шаруашылық бірдей көлемде астық жинауы мүмкін, бірақ олардың өндірістік шығыны әртүрлі болады. Бірі сапалы тұқым мен заманауи технология арқылы аз шығын жұмсаса, екіншісі ескі техника мен тиімсіз агротехника салдарынан көп қаржы жоғалтады.
«Біздің негізгі мақсатымыз әр гектар жерден тұрақты өнім алып, шаруаның табысын көбейту және Қазақстанның әлемдік азық-түлік нарығындағы орнын нығайту», – деп атап өтті басқарма басшысы.
Сондықтан келесі міндет өнімнің өзіндік құнын төмендетіп, жердің экономикалық қайтарымын арттыру. Қазақстанның астық пен өзге де ауыл шаруашылығы өнімдерін 72 елге жеткізуі экспорттық әлеуетіміздің жоғары екенін көрсетеді. Негізгі нарықтардың қатарында Орталық Азия мемлекеттері, ЕАЭО елдері, Қытай, Ауғанстан, Иран және Парсы шығанағы өңірі бар. Бірақ халықаралық нарықта тек астық көлемімен бәсекелесу жеткіліксіз. Өнім сапасын тұрақты сақтау, логистиканы дамыту және астықты терең өңдеу мүмкіндігін кеңейту қажет.
Алдағы уақытта шаруалардың климат өзгерісіне бейімделу басты міндеттердің бірі болып қала береді. Су үнемдеу, топырақ құнарын қалпына келтіру және ғылыми технологияларды пайдалану арқылы қолайсыз ауа райының әсерін азайтуға болады.
– Әңгімеңізге рахмет!
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







