Алматыдағы мектептерге теракт жасалады деген жалған ақпарат ата-аналарды дүрліктіріп, халықты үрей құшағында қалдырды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Соңғы күндері әлемжелі мен мессенджерлерде белгісіз адамдар қаланың бірқатар мектептерінде лаң ұйымдастыратыны туралы хабар таратып жатыр.
Тіпті анонимді Telegram-арналарда шабуыл жасалуы мүмкін мектептердің тізімі мен қару-жарақтың суреттері де жарияланған.
Мұны көрген ата-аналар жаппай қорқынышқа бой алдырып, кейбіреулері балаларын сабаққа жіберуден бас тартқан.
Алайда Алматы қаласы полиция департаментінің өкілдері ақпараттың жалған екенін ресми түрде мәлімдеді.

«Бұл қасақана таратылған жалған хабар. Әсіресе, балалардың қауіпсіздігіне қатысты мәселені осындай мақсатта пайдалану өте ауыр құқық бұзушылық. Аталған әрекетке барған азаматтар міндетті түрде заң алдында жауап береді», – деп ескертті полиция өкілдері.
Қазір құқық қорғау органдары арандатудың артында тұрған тұлғаларды іздеуге кірісті. Тәртіп сақшылары халықты расталмаған қауесетке ермеуге, дүрбелеңге бой алдырмауға шақырып отыр.
Айта кетелік, бұған дейін Алматы полициясының су жаңа басшысы қала жұртына үндеу жолдаған еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

