Астанада президент Тоқаевтың қатысуымен парламенттік реформалар жөніндегі жұмыс тобының кезекті жиыны өтті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жиында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин парламенттің алдағы реформасына қатысты атқарылған жұмыстар мен ұсынылатын өзгерістердің ауқымы туралы баяндама жасады. Президент көмекшісі Ержан Жиенбаев азаматтардың пікіріне негізделген негізгі тұжырымдарды таныстырды. Онда депутаттар санынан бастап, өкілеттік мерзімі мен сайлау тәртібіне дейінгі ауқымды ұсыныстар қамтылған.
Институт директоры Наталья Панның айтуынша, e-Otinish және eGov платформалары арқылы азаматтардан, партиялардан, ҮЕҰ мен сарапшылардан шамамен 1600 ұсыныс келіп түскен. Олардың барлығы да жұмыс тобының қарауына алынып, талқыға салынды.
Тоқаев не дейді?
Жиынды қорытындылаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жарты жылда қоғамда конституциялық реформаның мақсат-міндеттеріне деген түсінік толық қалыптасқанын атап өтті.
«Қыркүйектегі халыққа Жолдауымнан кейін туындаған қоғамдық талқылаулар мен пікірталастарды жіті бақылап, сарапшылардың тұжырымдарын, азаматтардың ұсыныстарын терең зерттеп отырмын. Ендігі мақсатымыз – заң шығарушы биліктің институционалдық негізін түбегейлі қайта құру», – деді Мемлекет басшысы.
Президент ертең Қызылордада өтетін Ұлттық құрылтай отырысында осы парламенттік реформаларға қатысты өз ұсыныстарын жариялайтынын айтты.
«Ертеңгі Ұлттық құрылтайда осы мәселеге қатысты нақты көзқарасымды ортаға саламын. Елде түбегейлі жаңа саяси үлгі қалыптасып келеді. Парламенттік реформа Конституцияның бірнеше тарауын қайта қарауды талап етеді. Осыған дейін енгізілген өзгерістерді ескерсек, жұмыс тобы ұсынып отырған жаңа түзетулерді іс жүзінде Қазақстан Конституциясының жаңа редакциясы деуге негіз бар», – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетелік…
Президент тапсырмасы бойынша мемкеңесші Ерлан Қарин бастаған жұмыс тобы сенатсыз Қазақстанның сұлбасын сызып жатыр. Соңғы рет Тоқаевтың қабылдауында болған Қарин осы бағыттағы жұмыстың қызу жүріп жатқанын жеткізген. Десе де, бұл Қазақстанның парламенттік басқару жүйесіне өтетінін білдірмейді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

