Өскемен халқы құбыр жарылып, аязда ауыз сусыз отырғанда, қала әкімі Алмат Ақышов демалысқа шығып кетті деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Әкімнің өзі қысқа мерзімді еңбек демалысына кеткенін желідегі парақшасында мәлімдеді.
«Қаланың барлық маңызды мәселесін орынбасарларыма тапсырдым, коммуналдық қызмет қалыпты жағдайда жұмыс істеп жатыр», – деп сендірді шаһар басшысы.
Ол демалысын отбасына, бала-шағасына арнауды жоспарлап отырғанын айтты. Желі қолданушылары әкімге «демалысыңыз сәтті өтсін» деген тілегін қалдырып жатыр.
Алайда…
Дәл осы кезде қаладағы жағдай тіпті басқаша. Қаңтардың 18-і күні Целинный көшесінде диаметрі 400 мм болатын құбыр жарылып, жүздеген тұрғын мен мектеп ғимараты сусыз қалды. Мирный ықшам ауданындағы жеке сектор, Беспалов пен Ломоносов көшесіндегі көпқабатты үй тұрғындары су тапшылығынан қиындық көріп отыр.
Коммуналдық қызмет апатты жөндеуге бес арнайы техника мен он маманды жұмылдырғанымен, жұмыстың нәтижесі көңіл көншітпей тұр.
Қаңтардың 19-ы күні түнгі уақытта су қайта қосылғанымен, құбырдың басқа бір бөлігі тағы жарылып, жағдай тіпті ушыққан.
Қазір апатты қалпына келтіру жұмысы жалғасуда, бірақ өңірдегі шыңылтыр аяз жөндеу жұмысын қиындатып жатыр. Қала тұрғындары сақылдаған сары аязда тіршілік нәріне зар болып отырғанда, әкімнің «отпускіге» кетуі жұртшылықтың ашуын туғызуда.
Әлемжеліде әкімнің әрекетін сынға алғандардың шоғыры көбейіп жатыр. Халық «қала басшысы қиындықты елмен бірге көрудің орнына жылы үйінде демалып жатыр» деп наразылық білдіруде.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

