Ұлттық құрылтайда «Әділ сөз» қорының басшысы Қарлығаш Жаманқұлова отандық медианың бүгіні мен болашағына қатысты бірқатар ұсыныс жасады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Ақпараттық заманның нағыз күрескерлері журналистердің еңбегі қашан да сұранысқа ие. Халық сапалы әрі сенімді ақпаратқа мұқтаж. Бірақ Қазақстандағы медиа нарығы қаржылық және институционалдық қиындықтың қысымында қалып отыр», – деп мәлімдеді Жаманқұлова.
Оның айтуынша, елдегі БАҚ-тың басым бөлігі жарнамадан түсетін табыстан қағылып, жаһандық цифрлық платформалардың (YouTube, Meta, TikTok) көлеңкесінде қалған.
Рекламадан түсетін қаржының 65 пайыздан астамы осы алыптарға кетіп жатыр.
Сондықтан тәуелсіз, мемлекеттен тыс медиа ұйымдарға нақты қолдау көрсету қажеттігін жеткізген Жаманқұлова:
«Журналистердің еңбегі лайықты бағаланып, редакциялар кәсіби кадрларды тарта алуы үшін мемлекет тарапынан нақты шаралар керек. Сонда ғана БАҚ редакциялары «тапсырыспен» жазылатын мақалаларға немесе күмәнді қаржыландыру көздеріне тәуелді болмайды. Оқырман да өзінің оқитын медиасының артында кім тұрғанын анық білуге құқылы», – деді.
Төртінші билікке бағытталған қысым мен кедергі
Журналистердің кәсіби қызметіне қатысты қысым мен кедергілер де назардан тыс қалмады. Жаманқұлова қазіргі Қылмыстық кодекстегі 158-бап журналистерді толық қорғауға жеткіліксіз деп санайды. Сондықтан ол БАҚ қызметіне кедергі келтіру әрекеттерінің біразын әкімшілік құқықбұзушылық санатына ауыстыруды ұсынды.
Бұл, оның пікірінше, журналистерге қысым көрсеткендерге жылдам әрі әділ жаза қолдануға мүмкіндік береді.
«Сөз еркіндігі заңдылық пен тәртіпке негізделуі тиіс. Ақпараттық шантаж бен қысымға біздің қоғам түбегейлі қарсы. Жоғарғы соттың БАҚ-пен байланысты істерде жариялылық пен бірыңғай тәжірибе қалыптастыру үшін нормативтік қаулы әзірлеу туралы бастамасын қолдаймыз», – деп атап өтті Жаманқұлова.
Сөз соңында ол парламенттік реформаға тоқталды. Жұмыс тобының мүшесі ретінде парламентті бір палаталық жүйеге ауыстыруды қолдайтынын айтып, партиялық тізімдердегі әйелдер квотасын сақтауды сұрады. «Әйелдердің саяси шешім қабылдауға белсенді араласуы президент үнемі қолдайтын бастама. Парламентте әйелдердің нақты орны болуы керек», – деп түйіндеді ол.
Айта кетелік, Құрылтай қарсаңында жиын өткізген президент Тоқаев Ата заңға қатысты маңызды мәлімдеме жасаған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

